Пәтуа сұраушы күнәсін ашып айтуы тиіс пе?

19 қаңтар 2019 11118 0
Оқу режимі

Ассалам алейкум. Кей адамдар мешітке келіп көңілдері босап, ертеректе істеп қойған күнәлары үшін тәубе еткісі келіп имамдарға жолығып жататыны бар. Сұрақ: тәубе еткісі келген адам мешіт қызметкерлеріне күнәсін ашып айту керек пе? 


Жауап

Жауап: Уа алейкум әссалам. Негізінде жасалған күнәні жариялап айтуға тыйым салынған. Оған дәлел Әбу Хурайраның (р.а) жеткізген мына хадисы:

Алла елшісі (с.ғ.с):

كُلُّ أُمَّتِي مُعَافًى إِلَّا المُجَاهِرِينَ، وَإِنَّ مِنَ المُجَاهَرَةِ أَنْ يَعْمَلَ الرَّجُلُ بِاللَّيْلِ عَمَلًا، ثُمَّ يُصْبِحَ وَقَدْ سَتَرَهُ اللهُ عَلَيْهِ، فَيَقُولَ: يَا فُلاَنُ، عَمِلْتُ البَارِحَةَ كَذَا وَكَذَا، وَقَدْ بَاتَ يَسْتُرُهُ رَبُّهُ، وَيُصْبِحُ يَكْشِفُ سِتْرَ اللهِ عَنْهُ

«Үмметімнің ішінде өз күнәсін жариялаушылардан басқаның барлығына бірдей кешірім жасалады. Өз күнәсін жариялаудың мысалы: бір адам түнде бір іс жасап қояды да Алла оның күнәсін жасырған күйі таңын аттырады. Алайда ол: «Әй, пәленше, мен кеше ананы істедім, мынаны істедім», – дейді. Алла оның күнәсін жасырады, ал ертесіне ол Алланың жасырғанын жариялайды», – деді.[1]

Алайда, қандай да бір іске тап болып, соның үкімін сұрауға келген адам, сол сұрағынан кейін шығыс жолын табар болса, онда оның сұрауы шариғаттың тыйым салған істерінен емес. Кей ғалымдар бұны жөн (истихсан) амал деп бағалаған. Имам Мунауи (р.а) Имам Науауидің мына сөзін дәйектейді: «Егер қандай да бір адам күнә іске ұрынып қалса, ол туралы біреуге хабар беруі –ұнамсыз іс (мәкрүһ). Ол керісінше күнәсінен қайтып, ол ісі үшін өкініп, қайта қайтпасқа бел бууы керек. Ал, егер өзінің шейхіне (ұстазына), сол сынды шығыс жолына бағыттайды-ау деп үміттенген адамға немесе сол істі басынан өткергенге, немесе сол үшін дұға жасайтын адамға айтса, онда бұл ісі жөн болады. Бұл істі ұнамсыз (мәкрүһ) ететін нәрсе – пайдасыз жариялауы болмақ»[2].

Сол сияқты Имам Ғазали былай дейді: «Күнәсін ашып айтуды жағымсыз (мәкрүһ) ететін нәрсе– дұрысын біліп, шығыс жолын табу үшін емес, өзін әшкерелеу мен өзгені келекелеу үшін күнәсінен хабар беру. Оған дәлел – Рамазан айында әйелімен қосылып қойған адамның өз қателігін айтып, Пайғамбардың (с.ғ.с) алдына келгендігі. Себебі, Пайғамбар (с.ғ.с) оның бұл айтқанына тыйым салмаған еді (себебі, ол күнә болса, Пайғамбар (с.ғ.с) бірден тыйым салар еді)».

Ең дұрысын Алла біледі.

Айбек Әбдіқадыр
Muslim.kz cайтының діни сарапшысы

Тегтер: пәтуа күнә
Пікірлер Кіру