Дәрет барысында желкені сүрту бидғат па?

16 қаңтар 2019 10899 0
Оқу режимі

Ассалаумағалейкум! Сізге тағы бир сұрақ туындап тұр. Дəрет алғанда, мойынды жуу керек па, ол сүннет амалға әлде парыз амалға жата ма? Жандос


Жауап

Уа алейкум салам, Жандос!

Дәрет алу барысында басқа мәсіх тартып, оны желкеге дейін жалғастыруға қатысты Имам Нәуауи (р.а) ғалымдардың бұл мәселедегі көзқарастарын былай деп тізбектеген: «(Желкені сүртуге қатысты ғалымдардың сөздері) төрт түрлі пікірге ұласқан, олар:

Біріншісі: басты сүртіп болғаннан кейін, қолды қайта сулап сүрту – сүннет;

Екіншісі: басты сүртіп, сол қалпы желкеге дейін жалғастыру – сүннет емес, алайда мұстахаб;

Үшіншісі: бас пен құлақты сүрткеннен қалған сумен сүрту – мұстахаб;

Төртіншісі: сүннет те емес, мұстахаб та емес»[1].

Бұл жалпы ғалымдардың көзқарастары. Қайсы бір мәселеде ғалымдар арасында талас-тартыс орын алса, бір ғалымның сөзіне қанағаттанғаны үшін екінші ғалымның өзін де, сөзін де жоққа шығаруға болмайды. Себебі, ол мәселеде кеңдік бар. Желкені сүрту де осы баптан.

Біз, ханафи мәзһабы желкені сүртудің үкімін мұстахаб деп білеміз. Бұл көзқарасты ханафи ғалымдарынан тыс шафиғилар да айтқан, Имам Ахмадтың бір сөзі де осы болған. Әрі бұл сөзіміз де, кей адамдардың айтқанындай, еш негізсіз емес.

Желкені сүртуге қатысты мына хадистерді айтсақ болады:

روى أحمد في مسنده عن عبد الصمد بن عبد الوارث عن أبيه عن ليث عن طلحة عن أبيه عن جده، أنه رأى رسول الله صلى الله عليه وسلم يمسح رأسه حتى بلغ القذال وما يليه من مقدم العنق بمرة.

«Абдуссамад ибн Абдулуарис әкесінен, ол Ләйстен, ол Талхадан, ол әкесінен, ол атасынан Алла елшісінің (с.ғ.с) басына мәсіх тартқанда, шүйдесімен қосып мойынның басталатын жерін де сүрткенін көргенін жеткізген»[2].

حديث عبد الله بن زيد: بدأ بمقدم رأسه حتى ذهب بهما إلى قفاه

Абдулла ибн Зәйдтің хадисінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) басқа мәсіх тартқанда, маңдайдан бастап мойынға дейін сүрткендігі айтылады[3].

Бұл хадистің дәлелі – «мойынға дейін» деген сөз мойынды да қамтитындығы. Бұл Құрандағы: «و أيديكم إلى المرافق»[4] (және қолдарыңды шынтақтарыңа дейін) деген аят сияқты. Себебі, бұл аятта «шынтақтарыңа дейін» деп, шынтақтардың да қосыла жуылатынын көрсеткен. Ендеше, жоғары хадистен де «мойынға дейін» деген сөзден «мойынды қоса» деген мағынаны аламыз.

Сонымен қатар, Ибн Омар (р.а) дәрет алғанда мойнын да сүртетін, сосын былай деген.

 قال رسول الله صلى الله عليه وسلم: من توضأ، ومسح عنقه لم يغل بالأغلاق يوم القيامة

«Алла елшісі (с.ғ.с): «Кімде-кім дәрет алғанда, мойынын да сүртетін болса, қиямет күнінің шынжырларымен шынжырланбайды», – деген»[5].

Міне, осындай хадистерге сүйене отырып, мәсіх тартқанда мойынды да қоса сүртудің үкімін мұстахаб деп қабылдаймыз.

Ең дұрысын Алла біледі!

Айбек Әбдіқадыр
Muslim.kz сайтының діни сарапшысы

 


[1] Мажмуғ 1/489
[2] Ахмад «Муснад»
[3] Муслим
[4] Маида 6
[5] Абу Нуғайм «Тарих Асбахан»

Тегтер: желке дәрет
Пікірлер Кіру