Нәзір (атау) жасағаннан кейін орнына басқа нәрсе беруге бола ма?

04 қаңтар 2019 12170 0
Оқу режимі

Ассалам алейкум. Алла үшін нәзір жасағаннан кейін орнына басқа нәрсе немесе құнын беруге бола ма? Бұны сұрап жатқаным, бір жақынымыз қатты ауырып жатқанында бір жылдық тоқтыны нәзір жасаған болатын. Кейін жазылғаннан кейін сол тоқтыны соймақ болғанда, немересі оны «менің қойым, тиме» деп шыр-пыр болды. Ал, қазір оның орнына басқа бір қошқарды сойса, немесе құнын шығарса бола ма екен деп жүр еді. Алдын ала рахмет.  Әділет К.


Жауап

Уа алейкум ассалам. Нәзір жасаған адам нәзірін орындауы керек. Бұның үкімі – уәжіп.

Дегенмен, сұрақта айтылғандай жағдай болып, нәзір жасаған адам нәзір орнына одан да жақсырақ нәрсе шығарамын десе немесе құнын шығару көбірек пайдалы болады десе, онда нәзір иесінің бұл амалы орынды. Ғалымдарымыз бұл сынды істі құп көрген. Мысалға, Имам Мұхаммад Шайбани: «Егер малдарының ішінен бір қойды құрбандыққа атаса, орнына оның құнын шығаруына болады»[1], – дейді.

Имам Сарахси айтады: «Егер кімде-кім «құрбандыққа қой шалуға нәзір еттім» деп, қой орнына түйе сойса, онда оның бұл нәзірі орындалған болып есептеледі, тіпті талап етілгенінен де артық жасаған болып есептеледі. Себебі, ол өзіне уәжіп болған нәрсені артығымен орындады. Өйткені, бір түйе жеті қойдың орнына жүреді. Демек, жеті адамның нәзірін өтеуге болады. Ол адам уәжіп болған нәзірді орындады, қосымшасын да шығарды. Бұдан шығатыны: егер кімде-кім атаған нәрсесіне (нәзіріне) тең келетін немесе одан да жақсырағын немесе соның құнын шығарса, оның бұл амалы жайыз (рұқсат етілген) болып табылады».[2]

Осы айтылғандарды ескере келіп, жақыныңыз қаласа, нәзірін өтеу үшін қой орнына қошқарын, қаласа құнын да шығаруына болады.

Ең дұрысы Аллаға мәлім!

Айбек Әбдіқадыр
Muslim.kz сайтының діни сарапшысы

 


[1] «Асыл» кітабынан

[2] «Мабсут» кітабынан

Пікірлер Кіру