Темекі шеккен адамның қасында оразам бұзылмай ма?

17 мамыр 2018 13965 0
Оқу режимі

Ассалаумағалейкум! Менің жұмысымда темекі шегетін адамдар бар. Олармен жұмыс бойы біргеміз әрі олар темекілерін шегіп жүреді. Ораза ұстаған кезімде олардың қасында отыруыма бола ма?


Жауап

Уа алейкум ассалам! Темекі шегу шариғат бойынша күнә болып табылады. Кімде-кім бұл жағымсыз әдетпен әуестенсе, одан барынша жылдам арада айығуға тырысуы керек.

Ал, темекі шегушілердің қасындағы ораза ұстаушының жағдайына келсек, ондағы негізге алынатын нәрсе – түтінді әдейі жұту мен одан сақтану мүмкіндігіне байланысты.  Темекінің (сол сияқты қальян, токсикомания, анаша т.б.) түтіні – газ формасындағы дене. Оның болмысы қоюлығына қарай күшейе түседі. Яғни, кімде-кім әлгі түтінді аузы не мұрны арқылы әдейілеп жұтса, онда ол түтін газ формасынан сұйықтық формасына ауысатынын ескеру керек. Ауыз қуысында ондай түтіннің дәмін де сезінуге болады. Бұл – әдейі жұтқан нәрсенің оразаны бұзатындай мөлшерін түзегенін көрсетеді. Ал, ол болса оразаны бұзады.

Ал, егер ол түтін ауаға тарап кеткен иіс қана болса, онда оған ораза бұзылмайды. Себебі, оны адам тамағынан әдейілеп өткізбейді. Әрі одан ұзақ тұру мүмкін бола бермейді.

Тоқетерісі: достарыңыздың қасыңызда темекі түтінін әдейілеп жұтпасаңыз, оразаңызға зиян келмейді. Алайда, ондай орталарға әуес болмауыңыз керек.

Айбек Әбдіқадыр 
Muslim.kz сайтының діни сарапшысы
 

Пікірлер Кіру