Әйелге күйеуінің қаражатын рұқсатсыз жаратуға бола ма?

Менің бір сұрағым бар еді. Әйелге күйеуінің қаражатын рұқсатсыз жаратуға бола ма?
Жауап
Кіршіксіз дініміз адамның меншік құғына жіті назар аударып, біреудің мүлкіне қолсұғушылық жасауды қатаң түрде тыйым салады. Алла Тағала Құранда былай дейді:
«وَلَا تَأْكُلُوا أَمْوَالَكُم بَيْنَكُم بِالْبَاطِلِ وَتُدْلُوا بِهَا إِلَى الْحُكَّامِ لِتَأْكُلُوا فَرِيقًا مِّنْ أَمْوَالِ النَّاسِ بِالْإِثْمِ وَأَنتُمْ تَعْلَمُونَ»
«Бір-біріңнің мал-мүлкін (ұрлау, тонау, алдап-арбау, қиянат жасау, өсім белгілеу және құмар ойындары секілді) харам жолдармен жемеңдер. Сондай-ақ оларды (яғни мал-мүліктеріңді) өздеріңе тиесілі болмаған дүниені алу һәм ел-жұрттың дүниесінің бір парасын біліп тұрып күнәлі жолдармен жеу үшін (пара ретінде) басшыларға беруші болмаңдар[1]».
Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл мәселені тағы да ашып түсіндіріп, былай деді:
«كُلُّ المُسْلِمِ علَى المُسْلِمِ حَرامٌ؛ دَمُهُ، ومالُهُ، وعِرْضُهُ…»
«…Мұсылманның қаны, дүние-мүлкі және ар-намысы өзге мұсылмандарға харам[2]». Яғни бір-біріміздің жанымызға, қанымызға және мал-мүлкімізге қастандық жасауға болмайды.
Осы секілді аят-хадистерге қарап ғалымдарымыз мынадай қағиданы бекітеді:
«لا يجوز لأحد أن يأخذ مال أحد بلا سبب شرعي»
«Шариғи [заңды] негізсіз ешкім біреудің мүлкін емдене алмайды[3]»
Бұл тыйымның ішіне жалпы алғанда ерлі-зайыптылар да кіреді. Бір-біріне рұқсат бермесе, жұбайлар да өз сыңарларының заттарын емдене алмайды. Дініміз бойынша ерлі-зайыптылардың мүлкі ортақ мүлік ретінде қарастырылмайды. Әр жұбайдың заттары оның жеке мүлкі болып табылады. Әрине, екеуі де ортадан қаражат шығарып бір нәрсе сатып алса немесе оларға ортақ сыйлық табысталса, онда ол ортақ мүлік болады. Ал басқа жағдайларда мүліктері ортақ болмайды.
Дегенімен, қасиетті Ислам діні ер кісіге өз жұбайын асырауға міндеттейді. Бұны нәпақа деп атайды. Нәпақаның ішіне әйел кісіні тұратын жермен, киім-кешекпен және азық-түлікпен қамтамасыз ету кіреді[4]. Құранда бұған қатысты:
لِيُنفِقۡ ذُو سَعَةٖ مِّن سَعَتِهِۦۖ وَمَن قُدِرَ عَلَيۡهِ رِزۡقُهُۥ فَلۡيُنفِقۡ مِمَّآ ءَاتَىٰهُ ٱللَّهُۚ لَا يُكَلِّفُ ٱللَّهُ نَفۡسًا إِلَّا مَآ ءَاتَىٰهَاۚ سَيَجۡعَلُ ٱللَّهُ بَعۡدَ عُسۡرٖ يُسۡرٗا
«Ауқатты адам (қолына қараған әйел, бала-шағасына) ауқатына қарай (мол) нәпақа берсін. Ал ризық-несібесі шектеулі болған Алланың өзіне нәсіп еткен жағдайына қарай нәпақа берсін. Алла ешбір жанға Өзі берген мүмкіндіктен артық жүк артпайды. Алла әр қиындықтың артынан бір жеңілдік нәсіп етеді»[5].
Хадисте:
ولهنَّ عليكم رِزقُهنَّ وكِسوتُهنَّ بالمعروفِ
«Әйел кісілердің ризығы мен киім-кешектері тиісті мөлшерде сендердің [күйеуілердің] жауапкершіліктерінде[6]».
Ер азамат себепсіз нәпақаны бермесе оның жұбайы тіпті сотқа арыз түсіріп, нәпақаны сұрауға қақылы болады. Сондай-ақ, осындай жағдайда нәпақа ұғымы қатитын (тамақ, су, киім) күнделікті аса қажетті дүниелерді рұқсатсыз күйеуінің мүлкінен ала алады. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көз тірісінде Һинд атты сахаба әйел кісі күйеуі болған Әбу Суфиянның өте сараң адам екендігін айтып, оның үстінен шағым түсіреді. Сол кезде Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп жауап береді:
«فقال: خُذي ما يَكفيكِ وولدَكِ بالمعروفِ»
"Өзінің және баланың қажеттілігін өтейтін мөлшерінше ала бер![7]»
Түсінкеніміздей бұл жерде тек аса қажетті заттарға жететін қаражатты айтып жатыр. Ойын сауыққа немесе рахатқа малыну үшін қаражатты алуға болмайды.
Қорытынды: Аса қажетті жағдайда әйел кісі рұқсатсыз күйеуінің қаражатын пайдалана алады. Өмір сүруге қажетсіз дүниелер бұл рұқсатқа кірмейді. Оған қоса ер кісі әйел кісіні толықтай қамтамасыз етіп отырса, ондай кезде әйел адамға оның қаражатын рұқсатсыз алуға болмайды.
Ескерту: Бұл жерде тек жалпы үкім айтылды. Ал егер жұбайлар бір-бірінің мүлкін рұқсатсыз пайдалануды әдетке айналдырып, оған іштей разы болып, бұны бір айып ретінде қабылдамаса, онда бір-бірінің мүліктерін қалаған мөлшерде жаратуда ешқандай әбестік жоқ.
Астана қаласының пәтуаға жауапты маманы Дарханұлы Тамирлан
[1] Бақара сүресі, 188-ші аят
[2] Имам Бұхари, имам Муслим жеткізген хадис
[3] «Мәжәлләту-л-Ахкам әл-Ғадалия», 97-ші мәдда (бап).
[4] Мухаммад Қадри Паша, «Әл-Ахкаму-ш-Шарғия фи-л-Ахауали-ш-Шахсия», 160 мәдда (бап).
[5] Талақ сүресі, 7-ші аят.
[6] Имам Муслим жеткізген хадис.
[7] Ибн Мәжә, Имам Бухари, Имам Муслим жеткізген хадис