ТҰРМЫСҚА ШЫҚҚАН ҚЫЗДЫҢ ТЕГІН АУЫСТЫРУЫНА БОЛА МА?

ТҰРМЫСҚА ШЫҚҚАН ҚЫЗДЫҢ ТЕГІН АУЫСТЫРУЫНА БОЛА МА?
Жауап
Шариғатта әрбір адам өз тегімен аталуы тиіс. Алла Тағала Құранда: ادْعُوهُمْ لِآبَائِهِمْ هُوَ أَقْسَطُ عِندَ اللَّهِ «Асыранды балаларыңды өз әкелерінің атымен атаңдар. Алланың құзырында ең дұрысы сол»[1], – деп бұйырды. Осы аятты алға тартып кейбір ғалымдар тұрмысқа шыққан қызға күйеуінің тегіне өтуге тыйым салады[2].
Ал кейбір ғалымдар әйелдің күйеуінің фамилиясына өту ғұрыпта қалыптасқан әрі елге таныту мақсаты болса оқасы жоқ дейді[3].
Өйткені Құранда: «Нұхтың әйелі және Лұттың әйелі»[4] деп әйелдерді күйеуінің атымен танытып тұр.
Әбу Сағид әл-Худриден (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте: «Мәсғудұлының әйелі Зейнеп (Алла оған разы болсын) Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп (кіруге) рұқсат сұрайды. «Уа Алланың Елшісі! Зейнеп кіруге рұқсат сұрап тұр!» – дегенде, ол: «Қайсы Зейнеп?», – деп сұрайды. «Мәсғудұлының әйелі», – деп жауап береді. Ол: «Кірсін» дейді. Сонда оған кіруге рұқсат береді»[5].
Сондықтан тұрмысқа шыққан әйел өз әкесінің атымен аталуы тиіс. Оны өзгерту – харам. Ал күйеуінің тегіне ауысуының оқасы жоқ, бірақ міндетті емес. Күйеуі де оны өз тегін алуға мәжбүрлеуі дұрыс емес.
ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі
[1] «Ахзаб» сүресі, 5-аят.
[2] https://www.fatawah.net/Questions/11366.aspx
[3] Айман Абдулхамит әл-Бәдәрайни, «Фәтәуа мағасара», 2/113-116.
[4] «Тахрим» сүресі, 10-аят.
[5] Бұхари, №1462. Муслим, №80.
Автор: арслан айтбай