Өз-өзіне қол салудан қалай құтылады?

25 тамыз 2021 6833 0
Оқу режимі

Ассаламугалайкум!

Өз-өзіне қол салу ауыр күнә. Ал, одан тиылу жолдары дінде кандай? С. Шарип


Жауап

Уа алейкум ассалам!

Суицид – үлкен күнә. Құран Кәрімде: «...Және өздеріңді-өздерің өлтірмеңдер. Ақиқатында, Алла сендерге ерекше Мейірімді. Ал, кім осыны дұшпандық және әділетсіздікпен істесе, кейін оны Отта жағамыз. Бұл – Алла үшін жеңіл[1]», – деп әмір етілген.

Аяттағы: «...Және өздеріңді-өздерің өлтірмеңдер...» деген сөзді бір-біріңді өлтірмеңдер, өйткені сендер бір діндесіңдер[2] деп түсіндірсе, Ибн Аббас және көпшілік ғалым өз-өзіне қол жұмсау деп тәпсірлеген. Бұған негіз, Амр бин Ас (р.а.): «Мен Зат Саласил жорығында суық түннің бірінде жүніп болып қалдым. Ғұсы6л құйынсам, өзіме зиян тигізіп аламын ба деп қауіптендім. Сосын таяммум соғып жолдастарыма таң намазына имам болдым. Осы оқиғаны пайғамбарға (с.ғ.с.) айтып бергенімде, ол: «Ей, Амр! Жүніп күйіңде жолдастарыңа намазға өттің бе? – деді. Мен ғұсыл құйынуға кедергі болған жайтты айтып, Алла Тағаланың «...Және өздеріңді-өздерің өлтірмеңдер. Ақиқатында, Алла сендерге ерекше Мейірімді» деп айтқанын естідім, – дедім. Алла елшісі (с.ғ.с.) күліп, ештеңе айтқан жоқ», –дейді. Бұл хадис сахаба Амрдың (р.а.) жоғарыдағы аятты кісінің өз-өзіне қол жұмсауына тәуил еткендігін көрсетеді.

Әбу һурайра (р.а.) «Кімде-кім өзін өткір затпен өлтірсе, қолындағы өткір зат тозақта мәңгіге қарнына қадалады. Кімде-кім өзін у ішіп өлтірсе, ол тозақта мәңгілік у жұтады. Кімде-кім өзін таудан тастап өлтірсе, тозақта мәңгі бақи құлайды[3]» деген риуаят келтіреді.

Имам Заһаби: «Ей, адам баласы! Өмірдің сынақ екенін біле тұра, қалайша жолым байланды, жұмысым жүрмей жатыр дейсің? Жаратқанның пенде маңдайына жазған әрбір ісінде бір сыр, бір пайда бар екенін біле тұра, сынақтан қалайша қашпақсың? Ақырет жолы ұзақ та қиын екенін біле тұра, өз қолыңмен сауап қоржынына салатын азығыңды неге кемітесің?...[4]»,-деп насихат айтқандай мұндай қадамнан адамды иман сақтайды. Сондықтан:

1. Алла Тағаланың Мейірімді екеніне естен шығармау керек. Құран Кәрім: «...Ал мейірімім барлық нәрсені қамтиды...[5]», – деп баяндайды;

2. Құдіреті күшті Алла пендеге көтере алмайтын жүк бермейтіндігіне сену. Құран Кәрімде: «Алла ешбір жанға, оның күші жетпейтінді міндеттемейді...[6]», – деп баяндалған;

3. Бір қиыншылықтан кейін екі қуаныш болатындығын, бұл иләһи дәстүр екенін ұмытпау. Құран Кәрімде: «Шындығында, қиыншылықпен бірге жеңілдік болады. Анығында, қиыншылықпен бірге жеңілдік бар[7]», – деп әмір етілген;

4. Адамның өмірінен құнды дүние жоқ. Әр адамның өмірі оның басты капиталы. Алла Тағала адамды көркем де, кемел бейнеде жаратып, оған ақыл мен сана беріп тұрып, оны бақытсыз болсын демейді. Алайда, мықты өткір қылыш жасау үшін ұста болатты отқа қыздырып, ауыр балғамен аямай соғып, артынан суық суға салғаны сияқты Құдіретті Алла адамның иманын шыңдап, ерік-жігерін қайрау үшін түрлі сынаққа салатынын ұмытпаған жөн.

 


[1] Ниса сүресі, 29-30 аяттар
[2] Тафсир Уахиди
[3] Бұхари, Муслим
[4] Китап Кабаир, 125-бет
[5] Ағраф сүресі, 156-аят
[6] Бақара сүресі, 286-аят
[7] Шарх сүресі, 5-6 аяттар 

Пікірлер Кіру