Жәннаттықтардың жасы нешеде болады?

22 мамыр 2021 13783 0
Оқу режимі

Ассаламу алейкум! Жәннатқа кірген ер азаматтардың жасы – 33, ал әйелдердің жасы 18-де болады дегенді естіп едім. Осы жайлы Құран және хадисте не айтылған?


Жауап

Уа алейкум ассалам!

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) немерелерінің бір Хасан (р.а.) мына бір оқиғаны риуаят етеді:

Бір қарт әйел Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: «Алла Елшісі! Мені жәннатқа кірсін деп дұға етіңізші», – деп өтінеді. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Ее, Пәленшенің анасы! Жәннатқа қарт әйелдер кірмейді», – деп жауап қайтарады. Әйел жылаған күйде тез бұрылып кетіп қалады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сонда жанындағы адамдарға: «Әлгі әйелге барып жәннатқа қарт күйінде кірмейтіндігін жеткізіңдер. Себебі, Алла Тағала: Ақиқатында, Біз оларды басқа жаратумен жараттық. Әрі оларды ер көрмеген пәк қыздар еттік[1], – деп айтқан[2]».

Демек, жәннатқа ер және әйелдер жас боп кіреді. Ал, жасы жайлы Құран Кәрімде: «Күйеулеріне сүйікті, құрбылас[3]», – деп айтылады. Бұл аят: «Күйеулерімен бір жаста, отыз үш жаста болады[4]», – деп тәпсірленген.

Үмму Сәләма (р.а.): «Мен Пайғамбардан (с.ғ.с.) Алла Тағаланың «Ақиқатында, Біз оларды басқа жаратумен жараттық. Әрі оларды ер көрмеген пәк қыздар еттік. Күйеулеріне сүйікті, құрбылас», – деген сөзі жайлы сұрадым. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Ей, Үмму Сәләма! Олар – дүниеде қартайып, шашына ақ түсіп, көздерінің нұры әлсіреген әйелдер. Алла Тағала қарт болған әйелдерді күйеулерімен тең жастағы жас қызға айналдырады»,-деп жауап берді[5]».

Және де Мұғаз бин Жабал (р.а.): «Жәннаттықтар жәннатқа түксіз, сақалсыз және көздері сүрмеленген күйде отыз үш жаста болып кіреді[6]», – деген хадис риуаят еткен.

Демек, жәннатта ер мен әйелдер тең жаста болады. Жәннаттықтар жасы – 33 жас.

 


[1] Уақиға сүресі, 35-36 аяттар
[2] Тирмизи
[3] Уақиға сүресі, 37-аят
[4] Софуат Тафасир, 3-том, 309-бет
[5] Тирмизи
[6] Ахмед, Тирмизи

Пікірлер Кіру