Жұманың алғашқы төрт рәкағат сүннет намазының қандай дәлелі бар?

19 сәуір 2021 8790 0
Оқу режимі

Ассалаумағалейкум! Жұманың алғашқы төрт рәкағат сүннет намазының қандай дәлелі бар?


Жауап

Ханафи, Шафиғи мәзһабтарында, сондай-ақ, Ханбалидағы бір көзқарас бойынша жұма парызының алдында төрт рәкағат сүннет оқылады. Ал, Мәлики мәзһабында жұманың алдында бекітілген сүннет намаз болмағанымен, жалпы нәпіл намаз оқуға рұқсат бар.

Жұма намазының алдында сүннет намаз бар дейтіндер, ең әуелі, жұма намазының  бесін намазының орнына жүретіндігін алға тартады. Сондықтан, жұма намазындағы екі рет азан шақыру, хұтба оқу, парыз намазының төрт рәкағаттан екі рәкағатқа түсуі секілді арнайы шариғи дәлелдермен бекітілген ерекшеліктерінен бөлек өзге мәселелерде жұма намазы бесін намазы секілді оқылады.

Имам әл-Бұхари өзінің сахих хадистер жинағында «Жұма нмазының соңындағы және алдындағы сүннет намаздар» деп арнайы тарау арнағанымен, жұманың соңғы сүннетіне байланысты хадисті ғана келтіріп, ал алдыңғы сүннеті жайлы ешқандай хадистен дәлел келтірмеген. Оның орнына бесін намазының алды мен соңында оқылатын сүннет намаздар жайлы айтып кеткен[1].

Имам әл-Бұхаридың бұлай етуінде жұма намазын бесін намазына «қияс», яғни салыстыруы жатыр. Яғни, бесіннің алдында және соңында сүннет намаздары болатыны секілді жұма парызының да алдында және соңында сүннет намазы оқылатыны айтылған.

Имам ән-Нәуауи өзінің Мүслім сахихына қатысты жазған «әл-Минһаж» атты түсіндірмесінде: «Бесіннің алдында оқылатын сүннет намазды жұманың алдында да оқу – сүннет», – деген.

Әліден (р.а): «Алла елшісі (с.ғ.с.) жұманың алдында және соңында төрт рәкағаттан намаз оқитын еді» дегені риуаят етілген[2].  Бұл риуаяттың тізбегіне Хафиз Зәйнуддин әл-Ирақи «жәййд» деп оң баға берген[3].

Сондай-ақ, Алла Елшісінің (с.ғ.с.) жанынан бір елі ажырамаған ғалым сахаба Ибн Мәсғұдтың (р.а.) жұма намазының алдында һәм соңында төрт рәкағат намаз оқығандығы сахих жолмен риуаят етілген.

Қатадан (р.а) «Абдуллаһ ибн Мәсғұд (р.а) жұманың алдында төрт рәкағат және соңында төрт рәкағат намаз оқитын еді»[4] дегені риуаят етілді. Ибн Хажар Асқалани бұл хабарды «сахих» деп, бағалаған[5]. Тіпті, Әбдіразақтың мұсаннафында Ибн Масғұдтың жұманың алдында және соңынан төрт рәкағат сүннет намаз оқуды бұйыратындығы риуаят етілген. Ибн Масғұд Алла елшісінен (с.ғ.с.) жұма намазының алдында және соңында сүннет намаздар жайлы қандай да бір хадисті білгендігінен оқыған деп батыл топшылауымызға болады. Алла елшісінің ұдайы қасынан табылатын сахабаның жұма намазында оқылатын сүннет намаздарына қатысты әдетін Ибн Мүбарак, Сұфиянус-сәури сынды табиғиндер де ұстанған[6].

Нафиътан риуаят етілді. Ол былай деді: «Абдуллаһ ибн Омар жұманың алдында намазды созып оқитын. Ал, жұмадан кейін үйіне барып, екі рәкағат намаз оқитын еді. Және ол Алла елшісі де (с.ғ.с.) осылай істейтін еді деп айтатын»[7].

Имам ән-Нәуауи өзінің «әл-Хұласасында» Әбу Дәуідте риуаят етілген бұл хадисті Бұхаридың шартына сай «сахих» деп бағалаған. Бұл риуаяттан жұма намазының алдында нәпіл немесе сүннет намаздың оқылатынын аңғарамыз.

Бұхаридағы риуаятта  Алла елшісі (с.ғ.с.): «Әрбір азан мен қаматтың арасында (сүннет) намаз оқылады»[8], – деген. Басқа бір сахих хадисте: «Әрбір парыз намаздың алдында екі рәкағат намаз оқылады»[9], -деп, айтылған. Ибн Хажар жұма намазының алдында оқылатын сүннет намазға қатысты осы хадисті дәлел ретінде келтірген[10]. Ендеше, жұма намазының уақыты кіргеннен кейін Ханафи мен Шафиғи мәзһабындығыдай төрт немесе өзге кейбір мәзһабтағылардай екі рәкағат сүннет намаз оқып жатқан адамға «сенің мынауың бидғат» деп қарсы шығу, әсте, дұрыс емес.

Бағзат АҚЖОЛ
«AQ MESHIT» мешітінің наиб имамы

 


[1] Бадруддин Әбу Мқхаммед Махмуд ибн Ахмет әл-Ъайни, Ъумдатул-Қаари шарху Сахихул-Бұхари, 5-том, 126-бет. «Дарул-фикр» баспасы, Бәйру, 2005 ж.
[2] Сүлеймен ибн Ахмет ибн Айуб Әбіл-Қасым әт-Табарани, әл-Мұъжамул-әусат, 2-том, 172-бет. «Дарул-харамайн» баспасы, Каир. Һижри 1415 ж.
[3] Зәйнуддин Әбул-фадл Әбдірахым тбн әл-Хұсейни әл-Ирақи, Торхут-тасриб фи шархит-тақриб, 3-том, 36-бет. «Дарул-кутубил-илмия» баспасы. Бәйрут, 2000 ж.
[4] Әбу Бәкір Әбдіразақ ибн һүмам ән-Санъани, Мұсаннафу Әбдіразақ, 3-том, 247-бет. «әл-Мәктабул-ислами» баспасы, Бәйрут, һижри 1403 ж.
[5] Әбу Закария Мұхитдин ән-Нәуауий, Хуласатул-ахкам фи муһимматис-сунан уа қауаъидул-ислам, 2-том, 811-бет. «Муссисатур-рисала» баспасы, Бәйрут, 1997 ж.
[6] Мұхаммед ибн Иса Әбу Иса әт-Тирмизи, Сунанут-тирмизи, 2-том, 401-бет. «Дарул-ихиаайт-турасил-араби» баспасы, Бәйрут.
[7] Мұхаммед ибн Иса Әбу Иса әт-Тирмизи, Сунанут-тирмизи, 1-том, 294-бет. «Дарул-ихиаайт-турасул-араби» баспасы, Бәйрут.
[8] Сахихул-Бұхари. 1-том, 225-бет. «Дәру ибни Касир» баспасы, Бәйрут, 1987 ж.
[9] Мұхаммед ибн Хиббан ибн Мұхаммед, Сахих ибн Хиббан, 6-том, 208-бет. «Мүуассатул-рисала» баспасы, Бәйрут, 1992 ж.
[10] Ибн Хажар Асқалани, Фатхул-Баари, 3-том, 351-бет.
 

Пікірлер Кіру