Жылдық есеп-2021: «Muftiyat» баспасы биыл 28 кітап шығарды (ФОТО)

31 желтоқсан 2021 3616 0
Оқу режимі

Діни басқармаға қарасты «MUFTIYAT» баспасы 2021 жылы 110 100 тиражбен 28 кітап шығарды. Бұл туралы елордада өткен ҚМДБ Төралқа мәжілісінде «MUFTIYAT» баспасының директоры Мұрат Манапұлы баяндады.

«ҚМДБ Төрағасының жетекшілігімен «MUFTIYAT» баспасынан «Тәпсірлердің таңдаулысы» төрт томдығы, «Избранный из тафсиров» төрт томдығы, «Ихсан – рухани тәрбие негізі», «Ихсан – основа духовного воспитания», «Пәтуалар жинағы. Үшінші кітап», «Толық адам (Ғылыми-теологиялық талдау)» сынды 28 кітап жарыққа шықты. Аталмыш кітаптардың танытымына қатысқан зиялы қауым өкілдері бұл туындыларға өздерінің жылы лебіздерін білдіріп, жамағат та оң бағасын берді.

30 мың данамен таралатын Діни басқарманың «Munara» рухани-танымдық газетінің 54 саны оқырманға жол тартты. Газетте ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай авторлар мен оқырмандар арасында «Еркіндігім. Қасиеттім. Қастерлім» атты шығармашылық байқауы жарияланып, Тәуелсіздік күні қарсаңында бірінші орын алған шығарма авторына Ұмра қажылығына жолдама берілді. БАҚ қызметкерлері мерекесі қарсаңында газеттің бас редакторы Серікбол Хасан Президент грантымен, фототілші Қайсар Тұрлыбеков Президент Алғыс хатымен, беттеуші Елдар Қаба Ақпарат және қоғамдық байланыс министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды», – деді Мұрат Манапұлы.

Сонымен қатар Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен 2021 жыл Ихсан жылы деп жарияланған болатын. Ихсан іліміне қатысты сайт-порталдарда, республикалық, облыстық, аудандық газеттерде 1 938 мақала жарияланып, әлеуметтік желілерде 4 582 жазба-инфографика таратылды. Бір жыл ішінде ихсан ілімін насихаттайтын 3 345 уағыз-дәріс халыққа ұсынылса, онлайн және офлайн форматта 1 645 іс-шара (дөңгелек үстел, семинар, кездесулер) өтті. Одан бөлек ҚМДБ-ға қарасты дін қызметкерлері мен өкілдіктері Ихсан іліміне қатысты 27 кітап және кітапша шығарды.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру