Жеріміз жаудан, еліміз даудан аман болғай!

07 мамыр 2021 3963 0
Оқу режимі

Қадірлі отандастар!

Баршаңызды Отан қорғаушылар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Денге саулық, әр отбасыға амандық пен береке тілеймін. 

Ислам діні тек құлшылықпенөлшенбейді. Мұсылманға Отанын, отбасын, ар-намысын, мал-мүлкін қорғау – міндет. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Отанын қорғап, шекара күзеткен жанның Алла алдында дәрежесі артатынын баяндаған.

Хадистердің бірінде: «Екі көз ақыретте тозаққа күймейді: біріншісі, күнәсына өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз, екіншісі, Отанды қорғап, шекара күзеткен көз» делінген.

Бірде сүйікті Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Ең абзал амал қандай?» деп сұралады.Сонда Алла Елшісі(оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Шекараны, Отанды қорғау үшін бір күн, бір түн күзетте тұру – бір ай нәпіл ораза ұстап, түнде намаз оқудан қайырлы» деп жауап береді.

Халқымыздың көрнекті ақыны Мұқағали Мақатаевтың: «Оңай сөз ғой «Отанды сүйем» деген,

Не тындырдың «басымды иемменен?» деген өлеңі көп ой тастайды. «Отан үшін күрес – ерге тиген үлес» деген нақыл бар. Бүгінгі бейбіт заманда Отан үшін күрес халыққа қалтқысыз қызмет ету, білім алып, оны ел игілігіне сарп ету, ұрпақты ұлағатты іске тәрбиелеу, ағайын-туыс, көрші-қолаң, дос-жаранға қарайласып, қайырымдылық жасау, т.б. ізгі істермен өлшенбек.

Өскелең ұрпақты отаншыл болуға тәрбиелеумен қатар, оларға әскери борышты өтеудің мәнін түсіндіру – аса маңызы іс деп атар едім. Өйткені, Отан қорғаушылар күні – әрбір ер азаматтың патриоттық сезімін оятатын, Отанды қорғау жауапкершілігін арттыратын маңызды мереке.

Әр шаңыраққа шаттық пен береке, әскери саладағы ұландарымызға мықты жігер, күш-қайрат тілеймін. Ел ертеңін ойлайтын жастарымызға Жаратқан жар болғай.

Алла Тағала жерімізді жаудан, елімізді даудан аман еткей! Әмин!

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти 

 

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру