Түркістанда Х республикалық қарилар байқауы басталды (ФОТО)

12 қазан 2021 3421 0
Оқу режимі

Түркістан қаласындағы «Конгресс Холл» мәдениет кешенінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан Х республикалық байқау басталды.

74 үміткер қатысып жатқан байқаудың ашылу рәсіміне ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысып, қариларға сәттілік тіледі. Қасиетті Құран Кәрім оқылып, Бас мүфти дұға жасады.

«Баршаңызға Алланың амандығы мен берекетін тілеймін. Раббымыз бүгінгі игі шарамыздың сәтті өтуін нәсіп етсін. Әмин!

Бірде сахабалар Айша анамыздан (Алла оған разы болсын) ардақты Пайғамбарымыздың мінезі жайлы сұрағанда ол: «Алла елшісінің мінезі тұп-тура Құран еді» деп жауап берген екен. Демек қарилардың мінезі Пайғамбарымыз секілді көркем болуы қажет.

Құрметті қарилар! Биыл оныншы мәрте өтіп отырған байқаудың мақсаты – жаттаған Құрандарыңызды естеріңізге қайта түсіру және Алланың қасиетті кітабын ел арасында кеңінен насихаттау. Бұл жарыс болғаннан кейін жүлделі орын бәріне тең бұйыра бермейді. Дегенмен уайымдамаңыздар, қобалжымаңыздар. Аймақтық іріктеуден өтіп, осы байқауға қатысуларыңыздың өзі үлкен жетістік. Ал жарысты ұйымдастыруға үлес қосқан жомарт азаматтар мен басы-қасында жүрген барша дін қызметкеріне, имамдарымызға айрықша алғысымды білдіремін» деді Бас мүфти.

Дәл қазір «Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқу» байқауының 10 параны оқудан алғашқы кезең басталды. Ал қатысушыларды елімізге белгілі қарилар Сәдуақас Олжабай (төраға), Кәмілжан Юлдашев, Данияр Жұмабаев, Ерсін Әміре және Жұманазар Садырханов бағалауда. Сондай-ақ бүгін қатысушылар 20 параны жатқа оқу және мәнерлеп оқу бойынша, ал ертең 30 параны жатқа оқу бойынша бақ сынайды.

Айта кетейік, екі күнге созылатын қарилар байқауы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылды. Елдегі пандемияға байланысты байқаудың «Munara TV» телеарнасынан, «Муфтият ҚМДБ» YouTube-арнасы мен мүфтияттың Instagram-дағы @muftiyatkz ресми парақшасынан онлайн көрсетілімі өтіп жатыр.

 

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру