«Рамазан керуені» Ақтөбеде жалғасын тапты (ФОТО)

21 мамыр 2019 7685 0
Оқу режимі

Қасиетті Рамазан айына орай, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз барша халықты жарылқаушы айда жақсылық жасауға үндеген болатын. Бұл қайырымдылық шарасы – Ақтөбе жұртшылығының сол Үндеуді қолдап, үн қатуы болды. Елордамыздағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінен бастау алған «Рамазан керуені» осылайша Ақтөбе өңірінде өз жалғасын тапты.

19-мамырда облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің ұйымдастыруымен және кәсіпкер Ардақ Садақбайұлының демеушілігімен «Рамазан керуені» жолға шықты. Мешіт алаңына қызметкерлер мен жамағат, еріктілер мен белсенді жастар жиналып, сауапты іске атсалысты.

Қайырымдылық шарасы ақтөбелік танымал өнерпаздардың Жарапазанымен басталды. Бас имам Т.Оспан «Рамазан керуенінің» маңыз-мақсатына тоқталып, кәсіпкер Ардақ Садақбайұлына жұртшылық атынан алғыс айта келе керуенге сәттілік тіледі.

Еске сала кетсек, бейсенбі күні – 16 мамырда «Нұр Ғасыр» мешітінде Өтегенов Ардақ мұқтаж 40 адамның әрқайсысына өз қолымен 25 мың теңгеден таратып, жалпы 1 миллион теңге көлемінде қаржылай зекетін үлестіріп, көптің алғысын алған еді.

Сауапты іске атсалысуға ниет еткен 30 ақтөбеліктің көліктеріне әрқайсысы 25 келілік азық-түлік қоржындары тиеліп, облыс орталығындағы 120 мұқтаж отбасының мекен-жайларына қарай көш бастады.

«Рамазан керуенінің» алғашқы легі мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Жайна» сауықтыру стационарына келіп тоқтап, өкіл имам балаларды емдеу орталығына 20 «Рамазан қоржынын» табыстады.

Нұр-Сұлтан өкілдігінен «Рамазан керуені» қайырымдылық эстафетасын Ақтөбе өкілдігі қабылдап, еліміздің басқа облыстарына жолдайды. Барша кәсіпкер, жомарт азаматтарды қасиетті айда жақсылық жасауға шақырамыз. 

 

Пікірлер Кіру