Құрбан айтқа орай ҚМДБ Төралқа отырысы өтті (ФОТО)

13 шілде 2021 3952 0
Оқу режимі

Елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен Құрбан айт мерекесіне орай ҚМДБ қызметкерлері мен имамдардың жиыны өтті.

Төралқа отырысында күн тәртібіндегі бірқатар мәселелер, атап айтқанда, карантин жағдайындағы Құрбан айт мерекесіне дайындық, құрбан малының бағасы, діни рәсімді онлайн және офлайн форматта өткізу, ақпарат саласының жұмысы мен мешіттерге атау беру сынды мәселелер қаралды.

«Алла қаласа бір аптадан соң қасиетті Құрбан айт мерекесі келе жатыр. Бұл күндері Діни басқарма Орталық аппараттан бастап, еліміздің түкпір-түкпіріндегі мешіт имамдарына дейін атсалысуы тиіс. Дайындығымызды өзара пысықтап, түйткілді мәселелерді шешіп алуды жөн санап отырмыз.

Былтыр өкіл арқылы қашықтан құрбан шалуды қолға алып, діни рәсімді онлайн форматта атқаруға мәжбүр болсақ та, мерекені абыроймен өткіздік деген ойдамын. Бұл игі ісімізге, үлкен қайырымдылық жобасына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ризашылығын білдірген-ді. Тапсырыс берушілерден де, мұқтаж жандардан да шағым болған жоқ. Биыл да осы істі жоғары деңгейде жергілікті әкімдік, еріктілер және мешіт жамағатымен бірге тап-тұйнақтай етіп атқарып шықсақ деймін.

Қазіргі таңда біздің тарапымыздан құрбан шалуға байланысты екі жолды ұсынып отырмыз. Оның біріншісі мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары тарапынан рұқсат берілген жергілікті қасапханаларда санитарлық ережелерді қатаң сақтай отырып құрбан шалу рәсімін офлайн режимде, яғни дәстүрлі жолмен ұйымдастыру», – деп атап өтті Бас мүфти.

Бұдан кейін бірер ай бұрын Құрбан айтқа орай құрылған арнайы топтың атқарған жұмыстарымен ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев таныстырып шықты.

«Бүгінгі пандемия жағдайында құрбан шалушыға қолайлы жағдай жасау және көмекке мұқтаж жандарды қолдау мақсатында өткен жылдың тәжірибесін қолданып, құрбан шалу рәсімін шариғаттағы «өкілдік» қағидасына сәйкес www.qurban2021.kz сайты арқылы онлайн режимде жүзеге асыруды қолға алмақпыз. Алла қаласа бүгін-ертең онлайн тапсырыс қабылдайтын сайт іске қосылмақ. Одан бөлек жуырда ғана елордадағы құрбан шалу рәсімі өтетін ірі сауда орындарына арнайы барып, мал бағасын нақтыладық. Саудагерлер мен қасапшыларға құрбан шалудың шариғаттағы маңызы мен дұрыс жүзеге асыру жолдары түсіндірілді», – деді Ғылымбек Жәдігерұлы.

Осы орайда «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Талғат Омаров өкілдіктердегі жауапты мамандар берген мәліметтерге сүйене отырып, өңірлердегі төрт-түлік құнының қанша екенін баяндап берді. Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұл құрбан айт кезіндегі дін рәсімдердің шариғатқа сай болуы маңызды екенін баса айтты.

«Былтыр пандемия жағдайына байланысты айт намазы оқылмады. Құрбан шалуды әдетте шариғатқа сай айт намазынан кейін бастайтындықтан 2020 жылы намаз оқылмай, уақытына келгенде түрлі пікір туындады. Біреулер күн көтерілгенде десе, енді біреулер күн шыққанда, енді біреулер бесін уақытынан бастап құрбан шалуға рұқсат деген пікірде болды. Биыл да айт намазының оқылып-оқылмайтыны белгісіз. Оны жақындағанда біле жатармыз. Әйтсе де, оқылмай қалған жағдайда еліміздің барлық өңірінде күн шыққаннан кейн бір сағат өтісімен құрбан шалуды бастап кету керек», – деді Хасан Ташайұлы.

Сондай-ақ Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Марат Бектазинов ұлық мерекенің баспасөз беттеріндегі насихаты мен құрбан айтқа қатысты сұрақ-жауаптар мен түсіндірме жұмыстары жөнінде айтып өтті.

Ал Мешіт істері бөлімінің меңгерушісі Марат Жаппасбаев өкілдіктер ұсынған 6 мешітке қазақ қоғамына, дінге қызмет еткен абзал жандардың атын беру жөнінде ұсынысты Төралқа талқысына салды. Олардың қатарында Шымкент қаласының «Достық» шағын ауданында елімізге және Орта Азияға танымал ғалым Әбдісәттар Шәкірұлының есімі берілген мешіт те бар.

Төралқа соңында бірқатар мәселелер талқыланып, құрбан айтқа дейін соларды шешу тапсырылды. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Құрбан айтқа байланысты құрылған жұмыс тобы мен өкілдіктердің бас имамдарына, барша дін қызметкеріне тиісті тапсырмалар берді.

 

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру