Құрбан айт қарсаңында кіші Төралқа мәжілісі өтті (ФОТО)

05 шілде 2022 3899 0
Оқу режимі

Бүгін елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен Құрбан айт мерекесі қарсаңында кіші Төралқа мәжілісі өтті.

Жиынға Діни басқарманың басшылық құрамы, бөлім меңгерушілері мен мамандары, сондай-ақ облыстардың бас имамдары қатысты. ҚМДБ Төрағасы дін қызметкерлерін келе жатқан ұлық мерекемен құттықтап, күн тәртібіндегі бірқатар мәселеге тоқталды.

«Құрбан айт – күллі мұсылман үмбетінің ұлық мейрамы болғандықтан, бұл күн дін қызметкерлері үшін де өте маңызды әрі жауапты кезең. Осы ретте біз халқымызға Құрбан айттың мәні мен мағынасын жіті түсіндіріп, айтта атқарылатын діни рәсімдердің дұрыс орындалуына аса мән беруіміз қажет.

Әрқайсымыз сауапты да жауапты кезеңде өзімізге жүктелген міндеттерді риясыз ниетпен жоғары деңгейде ұйымдастыруымыз тиіс», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Бас мүфти айт күндері өтетін іс-шаралардың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына, әсіресе, мешітке келген жамағатқа ықыласпен қызмет көрсетіліп, халықтың құлшылық жасауына, діни ақпарат алуына, мешіттердегі діни ақпарат беру орталықтарының жүйелі жұмыс істеуіне баса назар аударды. Одан бөлек құрбан шалу орындарында қасапшылардың, ет бөлшектеуші, ет таратушы мамандар мен еріктілердің еңбек, техника, өрт қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауын және құрбандық шалу барысында ысырапшылдыққа жол берілмеуін қадағалауды тапсырды.

Сондай-ақ мәжіліс барысында «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Қанат Қыдырмин құрбан айтқа дайындық жұмыстары жайлы мәлімдесе, Ғаламтор секторының маманы qurban2022.kz сайтының жұмыс барысын, бүгінге дейін келіп түскен тапсырыстар мен өтініштер жөнінде баяндады.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру