Құрбан айт намазына қатысты ҚМДБ мәлімдемесі

30 шілде 2020 5873 0
Оқу режимі

Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз!

Құрметті мұсылман қауым!

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі карантин жағдайын ескере келе және дініміздің асыл мақсаттары мен шариғат негіздеріне сүйене отырып, мешіттерде жамағатпен жұма және Құрбан айт намазын оқуға қатысты ел тұрғындарына келесідей мәлімдеме жасайды:  

Біріншіден, жамағатпен бірге жұма, айт намаздарын оқу үшін мешіт ашық болуы тиіс. Яғни мешітке кіруге рұқсат етілуі қажет. Ал елдің басшысы қол астындағы қызметкерлерін үйіне жинаса немесе есігін ашып, кез келген адамның кіруіне рұқсат етсе, жұрт оны білсін, білмесін, оқылған жұма және айт намаздары дұрыс болып саналады. Ал есігін кілттеп қойса және адамдар кіріп кетпеуі үшін есік алдына күзетші қойса, онда (рұқсатсыз) оқылған намаз дұрыс болып саналмайды[1].

Екіншіден, жұма, айт намаздарын сұлтанның[2] өзі немесе сұлтан бекіткен кісі (әмірші, қази[3], имам) өткізуі тиіс[4].

Бұрынғы кездері жұма және айт намаздарын тәртіп бойынша халифа өткізетін болған, кейіннен қазилар мен қолбасшыларға тапсырылды. Қазилар саясат ісімен, ал қолбасшылар әскери һәм ішкі тәртіппен шұғылданғандықтан бертін келе жұма және айт намаздарын мүфтилер, имамдар және т.б. дін қызметкерлері атқаратын болды[5].

Сондықтан бұйрығы (рұқсаты) жоқ адамның халықты жинап, жұма және айт намаздарын өткізуі дұрыс емес. Мұнымен қоса имам (басшы) заңды негізде ел тұрғындарына жиналуға рұқсат етпесе, халық жиналмауы тиіс[6].  

Ханафи мәзһабы бойынша айт намазын үйде жеке оқу дұрыс емес. Алайда айт күні күн найза бойы көтерілгеннен кейін әркім өз үйінде екі немесе төрт ракағат нәпіл (дұха) намазын жеке оқыса болады[7].

Ардақты ағайын, құрметті бауырлар!

Қазіргі таңда әлемді шарпыған COVID-19 жұқпалы індеті өршуі себепті Қазақстанның бүкіл аумағында карантин режимі күшейтілді. Үкімет індеттің таралуына жол бермеу мақсатында көптеген қоғамдық нысандардың жұмысына шектеу қойды, оның  қатарында мешіттер де бар. Дегенмен мемлекеттің дертке қарсы атқарып отырған барлық шарасы адам баласының денсаулығы мен өмірін аман сақтап қалуға бағытталған. 

Ислам діні адам баласының өмірі мен денсаулығын әрқашан жоғары қояды. Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға, тіпті өзіне қол жұмсауына хақы жоқ. Алла Тағала Құранда: «Өз-өздеріңді өлтірмеңдер»[8], – деп бұйырады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өзіне де, өзгеге де зиян тигізуге болмайды», – деген[9].

Сондықтан осындай сындарлы сәттерде баршаңызды дерттен сақтанып, барынша карантин талаптарына мұқият қарауға шақырамыз. Алла Тағала елімізге амандық, жұртымызға тыныштық, халқымызға береке-бірлік бергей! Құрбан айт мерекесі баршаңызға құтты болғай!

 

[1] «Хашияту Ибн Абидин», 2/165.
[2] Қазіргі тілде Мемлекет басшысы, Үкімет басшысы, жергілікті әкімдер, мемлекет белгілеген бүкіл нормативтік-құқықтық актілер, жалпыға бірдей міндетті ережелер т.б мағыналарды білдіреді.
[3] Қазіргі заманда бұл сөз Сот төрағасы деген ұғымға саяды.
[4] «Жәуһара нәйира», 2/81.
[5] «Фәтауа Татархания», 1/536.
[6] «Фәтауа Һиндия», 1/206.
[7] «Фәтауа Татархания», 1/564
[8] «Ниса» сүресі, 29-аят.
[9] Ибн Мажә риуаят еткен.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру