ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ ТҮРКИЯ ДЕЛЕГАЦИЯСЫН ҚАБЫЛДАДЫ (ФОТО)

24 мамыр 2023 2149 0
Оқу режимі

ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Түркия елінен емтихан қабылдау үшін арнайы келген Дін істері басқармасы төрағасының орынбасары Кадир Динчты, Диянет академиясы президенті Енвер Осман Каанды, Шет елдерде діни білім беру департаменті басшысы Дурсун Али Жошкунды және Түркия елшілігінің дін істері жөніндегі кеңесшісі Нешет Бодурды қабылдады.

Кездесуде Бас мүфти: «Аллаға шүкір, Қазақстан мен Түркия арасындағы бауырластық байланыс күн сайын нығайып келеді. Өздеріңізге мәлім, біз киелі Түркістан қаласында түркітілдес мемлекеттерінің «Мүфтилер алқасын» өткіздік. Қазір түркі мемлекеттерінің арасындағы экономикалық, әлеуметтік, әріптестік бағытындағы байланыстар артуда. Ендігі кезекте рухани байланысты нығайту аса маңызды бағыттың бірі болып отыр» деп атап өтті.

Түркия Дін істері басқармасы төрағасының орынбасары Кадир Динч бауырлас елде болған табиғи зілзала кезінде Түркияға арнайы келіп, рухани һәм материалдық тұрғыдан көмек көрсеткен Наурызбай қажы Тағанұлына және мүфтият қызметкерлеріне ерекше ризашылығын жеткізді.

Айта кетсек, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Түркия дін істер басқармасы арасындағы келісімге орай елордада 2023-2024 оқу жылына «Хасеки» институтына қабылдау емтиханы өтті. Биыл елімізден Түркияның «Хасеки» институтына ҚМДБ-ға қарасты оқу орындарын бітірген 65 үміткер құжат тапсырды.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру