ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ ТҮРКІСТАНДА ЖАҢА МЕШІТТІҢ АШЫЛУЫНА ҚАТЫСТЫ (ФОТО)

30 қаңтар 2024 1778 0
Оқу режимі

Бүгін Түркістан қаласында әйгілі сахаба Абдуррахман ибн Ауф есімін иеленген жаңа мешіт ашылды. Құлшылық үйінің ашылу рәсіміне ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков, жергілікті ақсақалдар мен демеуші азаматтар қатысты.

Алғашқы құттықтау сөз алған Бас мүфти мешіттің маңызына тоқталып өтті.

«Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде айтылғандай мешітке келушілердің оң аяғына сауап жазылып, дәрежесі артатын болса, әрбір басқан сол аяғы арқылы күнә-кемшіліктері кешіріледі. Мешіттің атауы ардақты сахаба Абдурахман ибн Ауф (Алла оған разы болсын) есімімен аталды. Жәннатпен сүйіншіленген он сахабаның біреуі – осы Абдуррахман ибн Ауф. Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алғаш иман еткен кісілердің сегізіншісі болған ол хазіреті Әбу Бәкірдің себепкерлігімен Исламды қабылдаған. Піл жылында дүниеге келген Абдуррахман ибн Ауф Пайғамбарымызбен түйдей құрдас еді. Бәдір шайқасында үлкен ерлік көрсетеді. Бір топ мүшрік қоршап алғанда оны уайымдаған бір сахабаға ардақты Пайғамбарымыз «Ол үшін қорықпа. Періштелер оған көмектесуде» деген. Міне осындай әйгілі сахаба көптеген жорықтарға қатысып, асыл дінімізге жан-тәнімен қызмет етті. Бүгін сондай құрметті сахабаның есімі мешітімізге беріліп жатыр. Біз әрине Ислам дініне қызмет еткен, аты тарихта қалған дін ғұламалары, сахабалар және қазақ халқының ардақ тұтқан асыл азаматтарының есімдерін мешітке беріп келеміз. Әрбір атаудың мәні, тарихи тағылымы болуы керек.

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Алла Тағаланың мешіттерін тек Аллаға және ақырет күніне иман еткен, намаз оқыған, зекетін берген және Алладан басқа ешкімнен қорықпайтындар ғана салады», – дейді (Тәубә сүресі, 18-аят). Жаратушы Алланың разылығы үшін бауырларымыз осындай сауапты іске дем берген екен. Ниеттеріңіз қабыл болсын! Істеріңізге береке берсін. Енді осы мешіттен елдің тұтқасын ұстар, дінді көркейтетін азаматтар шықсын деймін. Баршаңызға Алла разы болсын» деді Бас мүфти.

Ашылу рәсімінде қала әкімі де құттықтауын жеткізіп, Алла үйінің мән маңызын айтып өтті. Құлшылық үйінің құрылысы 2018 жылы басталып, бүгін ел игілігіне беріліп отыр. Мешіт ғимараты 300 адамға шақталған.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру