ҚМДБ: Медреселердегі білім беру мәселесі талқыланды (ФОТО)

28 қыркүйек 2020 3964 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының орталық аппаратында Бас мүфтидің кеңесшісі Балтабай Мекежанов пен Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейтбековтің, сондай-ақ, еліміздегі медресе-колледж директорлары және арнайы пән ұстаздарының қатысуымен іс-қағаздарды бірыңғай жүргізу және модулдік оқыту технологиясына көшуде оқу-әдістемелік құралдарды бірізділікке түсіру жөнінде жиын өтті.

Алдымен Бас мүфтидің кеңесшісі Балтабай Мекежанов жиынды ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Одан кейін Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейтбеков 2020-2021 оқу жылына қабылдау емтихандарының қорытындысымен таныстырса, медресе басшылары, ұстаздары жаңа оқу жылындағы онлайн дәрістердің өту барысын баяндады.

«Бүгінде еліміздегі 9 медреседе 1967 шәкірт білім алып жатыр. Оның 1323-і ұл бала, 644-і қыз бала. Ал биыл оқуға 1185 талапкер құжат тапсырса, соның 754-і медреселерімізге қабылданды. Елдегі карантин жағдайына байланысты қабылдау емтихандары онлайн режимде өтті» деді С.Сейтбеков.

Бұдан кейін Діни білім және кадр даярлау бөлімі меңгерушісінің орынбасары Серікбол Аршабаев қашықтықтан оқыту дәрістерінің бейнематериалдарын әзірлеу жолдарымен таныстырса, оларды дайындауды әр медресе өзара бөліп алды.

Сондай-ақ, медресе ұстаздары жаңа оқу жылындағы модульдік оқыту бағдарламасымен танысып, оған қажетті оқулықтарды бірыңғайлады. Нақтырақ айтқанда, 1, 2 және 3-ші курстарда өтетін пәндер мен әдебиеттердің тізімі талқыланып, бекітілді.  

Жиын барысында медреселердегі іс-қағаздарын жүргізу мәселесі де қаралып, діни білім ордаларының атауын бірізділікке түсіру жөнінде шешім қабылданды.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру