ҚМДБ: Кезекті бөлім сағатында жұмыс есебі тыңдалды (ФОТО)

04 наурыз 2021 4234 0
Оқу режимі

Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен кезекті «Бөлім сағаты» өтіп, Қажылық бөлімі, «Tawaf Travel» қажылық фирмасы мен «Халал Даму» стандарт және сертификаттау ұйымының есебі тыңдалды.

Жиынға ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы, Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы және де бөлім басшылары қатысты.

Алдымен Қажылық бөлімінің меңгерушісі Жәнділлә Бекжігітов бөлімнің негізгі жұмыс бағытымен таныстырды. Атап айтқанда, ҚМДБ мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Қажылық және ұмра министрлігі арасында жасалатын келісімшарттың маңыздылығы, қажылықтың электронды жүйесінің жыл сайын жаңарып отыруы, туристік операторларға квота бөлудің талаптарына тоқталды.

Бұдан бөлек қажылық орталықтарының жұмысын жетілдіру және қажылыққа барып келген азаматтармен байланысты үзбеу жөнінде пікір білдірді.

«Еліміздің үлкен қалалары мен облыстық орталық мешіттер жанынан «қажылық орталықтарын» ашуды жалғастыра береміз. Онда қажылық жұмыстарына бекітілген жауапты өкілдер қажылық пен ұмраға ниет етуші отандастарымызды ҚМДБ қажылық компаниясына жолдап отырады. Сонымен бірге қажылық жұмыстарын ұйымдастырудағы басты мәселенің бірі – болашақ қажыларды діни, рухани, моральдық тұрғыдан дайындауға жан-жақты атсалысады.

Одан кейін қажылыққа барып келген кісілермен жұмыс істеу. Қажылықты ұйымдастыру – зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Халқымыз «қажы» деген атты құрметтеп, қажылыққа барған азаматтарды ардақтап, оларға ілтипат көрсетіп келеді.

Мұхаммед Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Жақсы адам – қоғамға пайдасы тиген пенде» – деген. Демек, қоғамға пайдалы болғаның – жақсы мұсылман болғаның. Қоғамға пайдасы тиюде қасиетті мекенді зиярат етіп келген қажыларымыз алдыңғы қатарда тұруы тиіс.

Өзінің өнегесімен, көркем мінезімен, адалдығымен, әділдігімен қашанда өзгелерге өнеге болу тиіс екендігі айтылып, ол кісілермен ұдайы байланыста болып, оларды мешіттердің қоғамдық жұмыстарына белсене араластыру жер-жердегі имамдарымызға тапсырылады» деді Ж.Бекжігітов.

 «Tawaf Travel» қажылық фирмасының директоры Бектемір Искаковтың сөзіне сүйенсек, биыл қажылықтан бөлек үш түрлі бағытта жұмыс істеу жоспарланған.

«Ішкі туризм бағытының өзін үшке бөлдік. Бірінші, тарихи, киелі орындарға саяхат жасау, екінші, экотуризм, яғни, тірі табиғат аясына, өзен-көл, тауларға саяхаттау және үшінші, денсаулық турзимі – шипажайлар, сауықтыру орындарына бару. Одан кейін жақын шетел – Өзбекстанға саяхат жасауға мүмкіндік береміз. Бесінші бағыт – халықаралық туризм. Мұнда Түркия, Малайзия секілді мемлекеттерге түрлі турлар жасау жоспарланған» дейді Б.Искаков.

Ал «Халал Даму» стандарт және сертификаттау ұйымының директоры Айбек Аташев қоғамда халал ұғымының ауқымы кеңейгенін, мұсылмандар тарапынан сертификаты бар өнімдерге сұраныс артқанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, бұған дейін «Халал Даму» ЖШС «Мал бауыздау және ет өңдеу», «Азық-түлік және қызмет көрсету» және «Халал» өнімді өндіру, даярлау, өңдеу, сақтау, тасымалдау және сату қызметтеріне қойылатын жалпы талаптар стандартымен жұмыс істесе, ендігі кезекте «Емдеу профилактикалық және дәрілік заттар», «Косметикалық өнімдер» стандартының жобасы дайындалуда.

«Былтыр ҚР Әділет министрлігінің Ұлттық зияткерлік меншік институтынан «ҚМДБ ХАЛАЛ» тауар таңбасына № 71209 куәлігі берілді. Сондай-ақ 2020 жылы «QMDB halal» оқыту және білімді жетілдіру орталығы ашылды, Тараз қаласында халал жәрмеңке өтсе, Ақтөбеде тұңғыш халал маркет

іске қосылды. HALALDAMU.KZ сайты жаңартылып, HALAL GUIDE Мобильді қосымшасы әзірленді» деп Айбек Аташев былтырғы бірқатар жетістіктерді атап өтті.

 Жиын барысында Бас мүфти Наурызбай қажы бөлім меңгерушілеріне нақты тапсырмалар берсе, аппарат қызметкерлері екі бөлімнің жұмысына қатысты ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру