ҚМДБ Елорда жұртына ауызашар берді (фото)

13 сәуір 2022 3825 0
Оқу режимі

Кеше елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен мемлекет пен қоғам қайраткерлері, мұсылман елдерінің құрметті елшілері, өнер мен мәдениет қайраткерлері, зиялы қауым және БАҚ өкілдеріне ауызашар берілді. ҚМДБ ауызашарына сондай-ақ Қариялар үйінің ақсақалдары, Балалар үйінің тәрбиеленушілері мен мешіт жамағаты да қатысты.

«Рамазан – береке айы» ауызашар дастарқанында Құран оқылып, өмірден өткен марқұмдардың рухына дұға бағышталды. Сондай-ақ ораза айының қадір-қасиеті мен ғибрат-тағылымына арналған бейнеролик көрсетілді.

Ауызашар шарасында алғаш болып сөз алған ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти, Наурызбай қажы Тағанұлы жиналған қауымды Рамазан айымен құттықтап, әр шаңыраққа бақыт пен береке тіледі.

«Рамазан – тәрбие мен тағылым айы. Қасиетті айда мұсылман баласы қанағат, шүкір, мейірім, бауырмалдық, кешірім сынды көркем мінезді қалыптастыруға тырысады. Өйткені қасиетті айда мұсылманға көп жақсылық пен мүмкіндіктер беріледі. Ораза ұстаған адам әрбір амалын көркем түрде орындауға тырысады. Өйткені оны «оразам бұзылып кетпесе екен» деген ой мазалайды. Сондықтан ауыз бекіткен кісі Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйреткендей, әдеп білмес жандардың дөрекі әрекеттеріне «мен оразамын» деп көркем түрде жауап қайтарады. Себебі Ислам – көркем мінез бен әдептілікке негізделген дін. Әдептілік адамды көрікті етеді. Ихсан ілімі мен отыз күнгі ораза көркем мінез бен адамға тән күллі әдептілікті қалыптастырады. Сауабы еселеніп жазылатын айда әрбір ізгі амалымыз қабыл болғай! Алла Тағала ұстаған оразамызды, қоғам үшін жасалған қайырлы істерімізді мол сауаптан жазғай! Еліміз аман, жеріміз тыныш, тәуелсіздігіміз баянды болғай!» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Іс-шара барысында Бас мүфти Қариялар үйінің ақсақалдары, Балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арнаулы сый-сияпатын ұсынды.

Ауызашар дастарқанында ел ағалары Бас мүфтиге алғыс білдіріп, Діни басқарманың игі бастамаларына сәттілік тілесе, Құрмаш Маханов, Ерлан Рысқали бастаған өнер тарландары иләһи әндер мен жарапазан жырын орындап, басқосудың сәнін келтірді.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру