Қажылық сапарына қатысты ҚМДБ мәлімдемесі

10 шілде 2021 4067 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қажылық бөлімі жыл басынан бері 2021 жылғы қажылық маусымына қатысты ресми мәлімдемелер мен жаңалықтарды бұқаралық ақпарат құралдарына жүйелі түрде жариялап, халықты хабардар етіп келеді. Сонымен қатар Сауб Арабия Корольдігінің Денсаулық сақтау және Қажылық министрлігінің пандемия жағдайына байланысты қабылдаған талаптары мен шешімдері жайлы мәліметті мұсылман қауымына түсіндіру жұмыстарын жүзеге асыруда.

ҚМДБ Қажылық бөлімі Сауд Арабия Корольдігінің қабылдаған шешіміне сәйкес, Қазақстан азаматтары үшін 2021 жылы үлкен және кіші қажылық рәсімдерін атқаруға шектеу қойылғанын осыған дейін бірнеше рет мәлімдеді. Алайда ҚМДБ ұстанымы мен талабын ескермеген туристік компаниялардың бірі кіші қажылық сапарын ұйымдастыру үшін еліміздегі мұсылман жамағаты арасына жарнамалық хабарлар таратып, түсінбеушілік тудырды. Бұл әрекет ҚМДБ жұмысы мен беделіне нұқсан келтірді. Сонымен қатар, қажылықпен айналысатын өзге де туристік фирма басшылары арасында келіспеушіліктің туындауына түрткі болды.

ҚМДБ талаптарын өрескел бұзып, кіші қажылыққа 143 Қазақстан азаматын апарған туристік компанияның екпе салдыруға байланысты жалған құжат әзірлегені анықталды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі ресми түрде мәлімдеді. Осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тағы да төмендегіні мәлімдейді:

Біріншіден, Қазақстан азаматтары үшін қажылық сапары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты Қажылық миссиясының ұйымдастыруымен және миссияның тиісті талаптары мен нұсқамалары негізінде жүзеге асады.

Екіншіден, ҚМДБ және Сауд Арабия Корольдігінің Қажылық министрлігі арасында қабылданған ресми келісім құжатына сәйкес, қажылыққа қатысты ресми құжаттарды рәсімдеу, тиісті мекемелермен келіссөздер жүргізу, т.б. іс-шаралар Діни басқарма тарапынан орындалады.

Үшіншіден, ҚМДБ қажылық сапарының Ислам шариғаты мен Әбу Ханифа мәзһабы негізінде орындалуын қадағалайды.

Төртіншіден, қажылық сапарына ниет еткен азаматтар ҚМДБ Қажылық бөлімінің нұсқамалары, кеңестері мен ресми ақпараттарына сәйкес шешім қабылдауы қажет екенін жеткіземіз.

Бесінші, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасиетті хадис-шарифтерінің бірінде: «Бізді алдаған адам бізден емес» деген. Қажылық сапары алдында жалған құжат жасап, шариғат пен заң талаптарына сәйкес келмейтін әрекетке бару күнә әрі қылмыстық іс екенін жеткіземіз.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру