ҚАЖЫЛЫҚ-2024: ӘУЕ ТАСЫМАЛЫ НАҚТЫЛАНДЫ (ФОТО)

27 қазан 2023 2232 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2023 жылғы қажылыққа өздері таңдаған отандық және шетелдік әуе компанияларымен барған отандастарымыздың және оларға қызмет жасаған туроператорлардың ризашылығы мен сұранысын ескере отырып, 2024 жылғы қажылық маусымында азаматтарымызды қажылыққа апаруда қолайлы тасымалдау үшін әділ бәсекелестікке қол жеткізу мақсатында қазақстандық және шетелдік әуекомпаниялар арасында конкурс жариялаған болатын.

Конкурсқа қазақстандық «Air Astana» және «Scat», сондай-ақ саудиялық «Saudi Arabian Airlines», «Flynas». «Manasik Aviation» және кувейттік «Jazeera», БАӘ «Air Arabia», түркиялық «Turkish Airlines» әуе компаниялары қызығушылық білдіріп, тиісті құжаттарын өткізді.

2024 жылға конкурстық негізде қажылықты ұйымдастыруға рұқсат алған 17 қазақстандық туроператор арасынан дауыс беру арқылы арнайы комиссия құрылды. Комиссия мүшелері бәсекелестікке түскен аталған әуе компания өкілдерімен тиісті келіссөздер жүргізді.

Нәтижесінде бұл комиссия мүшелері, жоғарыдағы әуе компаниялар арасынан қолайлы баға мен сапа ұсынған 5 әуе компанияны таңдап алды.

Атап айтқанда, тікелей рейстер арқылы қажыларымыздың қасиетті мекенге жылдам жетуі үшін қазақстандық «Scat», саудиялық «Flynas» әуе компаниясы таңдалды.

Салыстырмалы түрде арзанырақ әрі тиісті деңгейдегі қызметті қалаған туроператорлар үшін «Jazeera» және «Air Arabia» әуе компаниясы таңдалды.

Әлемнің үздік әуе компанияларының қатарына кіретін «Turkish Airlines» әуе компаниясы да қажыларымыздың қалауына орай таңдалды.

2024 жылғы қажылық маусымында Қазақстан қажыларын қазақстандық «Scat», саудиялық «Flynas», кувейттік «Jazeera», БАӘ «Air Arabia», түркиялық «Turkish Airlines» әуе компаниялары тасымалдайды.

Қажыларымыз Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан және Ақтау қалаларынан ұшаққа отырып, Жидда (Мекке маңындағы қала) және Медина қалаларына 02-12.06.2024 ж. мерзімі аралығында жеткізіліп, 20-27.06.2024 ж. мерзімі аралығында елге қайтару жоспарлануда.

Айта кетейік, бұдан алдын хабарлағанымыздай Сауд Арабия Королдігі Қажылық және ұмра министрлігінің талабы бойынша «Қажылық-2024» маусымына осы жылдың 15 желтоқсанына дейін тіркелген және тиісті төлемдері жасалған азаматтарға ғана қажылық орындары бөлетіндігін жеткіземіз.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру