«Қамқор» орталығындағы емделушілерге ерекше сый жасалды (ФОТО)

11 қараша 2020 4451 0
Оқу режимі

Кеше Елорда іргесіндегі Ақкөл ауданында орналасқан Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы емделуші жандарға ерекше сый жасалды. Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің әйел жамағаты мен Қазақстан халқы Ассамблеясы аясындағы «Аналар кеңесінің» бірлесе ұйымдастыруымен науқас жандарға арнайы саяхат ұйымдастырылып, Бас шаһардың айтулы нысандарында ерекше кездесулер өткізді.

«Қамқор» орталығындағы 40 науқасты қамтыған қайырымдылық шара аясында Қуыршақ театрының өнерін тамашалап, әсерлі қойылымға куә болды. Бұдан соң республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітін зиярат жасаған емделушілерге мерекелік дастархан жайылып, құлшылық ордасымен таныстыру жұмыстары жүргізілді. Қонақтарды мешіт бас имамы Ерболат Жүсіпов өзі қарсы алып, бұл саяхаттың ерекше естеліктерімен есте қалуына әсер етті.

Мерекелік дастархан басында қонақтарға арнайы сыйлық сөмкелері үлестіріліп, қуаныш үстіне қуаныш сыйлай түсті. Шара аясында «Аналар кеңесінің» төрайымы Алтынай Мұратжанқызы мен «Әзірет Сұлтан» мешітінің әйел жамағатының ұйытқысындай болған Әнияш апа бастаған демеушілер пен ұйымдастырушы жандар да ізгі тілектерін білдірді. Көл-көсір құрмет пен мейірімге жауап ретінде орталық емделушілер өздерінің қолмен салған суреттерін аға-әпкелеріне сыйға тартып, мешіт ішін мейірімге толтыра түсті.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру