Пандемия кезінде жаназа және құдайы ас өткізуге қатысты мәлімдемені таныстырды

03 шілде 2020 5045 0
Оқу режимі

Елордада Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде тікелей эфирде өткен брифингте ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғаров еліміздің мұсылман қауымына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының COVID-19 коронавирусі кезінде жаназа және құдайы ас өткізуге қатысты мәлімдемесін таныстырды.

Жаназа намазына қатысты талаптар:

– Жаназа намазына бір ғана діни қызметкердің қатысуы;

– Жаназа намазына тек отбасы және жақын тумаларының қатысуы;

– Жаназаға жалпы саны 30 кісіден артық жиналмау;

– Бойында дене қызуы немесе жөтелі бар кісінің жаназа намазына мүлде қатыспау;

– Жаназа намазына келуші кісі міндетті түрде санитарлық нормаларды (бетперде тағу, медициналық қолғап кию және екі метрден кем емес арақашықтық) сақтау;

– Індеттен қайтыс болған мәйітті дәрігердің нұсқаулығына сай жуу;

– Жаназа намазы мен уағыздың жалпы уақытын 5 минуттан асырмау;

– Жаназа намазы барысында қол алысып амандаспау;

– Жаназа намазының сабын түзегенде кемінде екі метр қашықтықты сақтау;

– Қабір басында мәйіт жер қойнына тапсырылғаннан кейін жамағатты тездетіп қайтару;

– Жасы үлкен кісілер, денсаулығы нашар адамдар (ер мен әйел) және жас балалар жаназа намаздарына қатыспау;

– Қонақ асын өткізбеу;

– Жаназадан кейінгі асты өткізбеуге немесе отбасы мүшелерімен шектелу.

Құдайы астарға (жетісі, қырқы, жүзі, жылы және тағы басқа) қатысты талаптар:

– Астарды өткізбеуге немесе отбасы мүшелері, жақын тумаларымен шектелу;

– Бір ғана діни қызметкердің қатысуы;

– Санитарлық нормаларды (бетперде тағу, медициналық қолғап кию және арақашықтық) сақтау.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру