НАУРЫЗБАЙ ҚАЖЫ ТАҒАНҰЛЫ СТУДЕНТТЕРГЕ НАСИХАТ АЙТТЫ (ФОТО)

21 мамыр 2024 1067 0
Оқу режимі

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы елордадағы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ Агротехникалық зерттеу университетінің студенттерімен кездесті.

Бас мүфти білім жолындағы шәкірттерге насихат айтып, оларды оқуда озат, қоғамда үлгілі және туған елімізге қызмет етуге шақырды.

«Алла Тағала Құран Кәрімдегі «Рұм» сүресінің 54-аятында: «Алла сендерді әу баста тым әлсіз етіп жаратады. Кейін сол әлсіздіктен соң буындарыңды бекітіп күш-қуат береді. Содан кейін күш-қуатыңды кемітіп, қайтадан әлсіз һәм қарт қылады», – деп айтқан. Бұл аятта айтылған قُوَّةً «күш-қуат» сөзі – жастық шақ, үлкен жігер мен қайраттың кезеңі, адам өмірінің ортасын білдіреді. Жастық шақ – адам өмірінің ізгілік жасауға ұмтылуы тиіс ең жақсы кезеңі, сондықтан да адам қиямет күні бүкіл өмірі үшін, соның ішінде әсіресе жастық шағы үшін ерекше сұралады.

Біз 2024 жылды діни қызмет аясында «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жарияладық. Ата дінімізбен біте қайнасқан, бабаларымыздан ғасырлар бойы аманат болып келе жатқан салт-дәстүрімізді дәріптеу – басты мұратымыз. Бұл бағыттағы бастамаларымызға қоғамның әрбір мүшесі қолдау білдіріп, игі істің басы-қасынан табыла алады. Солардың қатарында жастардың да жүруі заңдылық. «Жас келсе – іске, кәрі келсе – асқа» демекші, қай істе болмасын жастардың үлесі зор. Олар көптігімен емес, тәуекелшілдігі, табандылығы және қайсарлығымен мықты. Тарихтың қайсыбір қатпарына көз тастасаңыз да, жастардың қатысуынсыз іс бітпеген.

Құран Кәрімдегі «Кәһф» сүресінде иманын сақтап, үңгірге жасырынған жастардың оқиғасы баяндалады. Осы сүреде: «Олар Раббыларына иман келтірген жастар еді», – деп сипатталады. Ал адамзаттың асылы, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жастардың ең абзалы үлкендерге ұқсағандары, сондай-ақ үлкендердің ең жаманы (ғапылдыққа салынып) жастарға ұқсағандары», – деп айтқан. Бұл хадистегі үлкендерге ұқсау дегенді сырт келбетін ұқсатумен шатастырып алмау керек. Ардақты Пайғамбарымыз бұл өсиеті арқылы жастарды жаман әдеттерден тыйып, даналыққа шақырған» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Еркін форматта өткен тағылымды кездесу соңында студенттер Бас мүфтиге өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру