Наиб мүфти Жетісу өңірінің имамдарымен кездесті (ФОТО)

29 қазан 2021 3000 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Кенжеәлі Мырзабаев жұмыс сапарымен Талдықорған өңірінде болып, жергілікті имамдармен кездесті.

Басқосуда наиб мүфти діни қызметті жетілдіру, имамдардың қарым-қабілетін жан-жақты көтеру туралы насихат айтты. Сондай-ақ ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен қолға алынған жеті бағыт аясында жұмыстар талқыланды.

Біріншіден, мешітке келген жамағатпен жеке жұмыс істеу, олардың тұрмыс жағдайына, отбасына көңіл бөлу, мүмкіндігінше көмек көрсету. Жамағаттың басын біріктіретін іс-шаралар, спорттық ойындар ұйымдастыру мәселесі де жиын өзегіне айналды. Екіншіден, жастарымыздың өзге діни ағымдар жетегіне кетуінің алдын алу, жас буын өкілдерімен байланысты күшейту, шәкірт тәрбиелеу мәселесіне назар аудару қажеттігін жеткізді. Үшіншіден, имамдардың діни сауатын көтеру, ХХІ ғасыр – білім ғасырында біліктілікті арттыру, дін қызметкерлеріне фиқһ, ақида пәндерінен тереңдетілген жүйелі дәріс жүргізуді, имамдар арасында тәжірибе алмасу жұмыстарын ұйымдастырудың маңызды екенін сөз етті.

«Мешітті әркім өз үйі ретінде сезінуі тиіс. Діни қызмет – үлкен аманат, сауапты да жауапты жұмыс. Сондықтан исламды имамға қарап түсінетіндей дәрежеге жетуіміз керек. Діни салада әсте босаңсуға болмайды» деп түйіндедді наиб мүфти Кенжеәлі Қоңыратбайұлы .

Өңірдің бас имамы Алмас Сағидоллаұлы өз кезегінде наиб мүфтиге өңірдегі мешіттердің діни ахуалы, имамдардың қызметі жайында баяндап берді.

Кездесу барысында Ихсан жылына орай жазылған өкілдік имамы Мұхаммед Ордыбайұлының «Ихсан тағылымы» атты кітабы таныстырылды.

Барлық санитарлық талаптарға сай өткен семинарда имамдар сауал жолдап, пікір алмасты.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру