Наиб мүфти «С.Ғылмани» мешітінің жамағатымен жүздесті (ФОТО)

25 сәуір 2019 7300 0
Оқу режимі

ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, Нұр-Сұлтан қаласының өкіл имамы Наурызбай қажы Тағанұлы елордадағы «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің жамағатымен кездесіп, қасиетті Рамазан айы қарсаңында оразаға дайындық жайлы уағыз айтты.

«Рамазанға рухани әзірлік» тақырыбында уағыз айтқан наиб мүфти:

«Рамазан – асыға күткен мұсылман қауымы үшін Алланың шексіз мейіріміне бөленетін үлкен мүмкіншілік айы. Бұл айдың қадір-қасиетін түсінген мұсылмандар осынау мүбәрак аймен қимай қоштасып, ал қайта қауышқанда құрметті қонағын күткендей құшақ жая қарсы алады. Өйткені бұл ай әрбір жанға иләһи мейірім сыйлайтын сауабы мол маусым.

Рамазан – жыл сайын бір ай бойы есігін айқара ашатын Жаратқан Иеміздің тәрбиелік мектебі. Алланың құлдары бұл айда өздерін Хақ Тағалаға бойсұнуға және де күнәлардан тыйылуға жаттығады.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көзін көрген сахабалар рамазанға алты ай қалғанда «рамазанға жеткіз»,- деп Алладан тілек тілеп, рамазан айы өткеннен кейін алты ай бойы қасиетті айда жасаған жақсылық амалдарымды қабыл ет деп дұға ететін болған. Адамзаттың ардақ тұтар ұстазы (с.ғ.с.), Рамазан қарсаңында Алладан былай деп сұрауымызды үйреткен:

اللَّهُمَّ بَارِكْ لَنَا فِي رَجَبٍ وَشَعْبَانَ وَبَلِّغْنَا رَمَضَانَ

«Иә Аллам, біздерге Ережеп және Шағбан (айларында) берекет бер әрі біздерді Рамазанға  (амандықта) жеткізе гөр», –  деді наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Сондай-ақ, «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің Бас имамы Нұрлан Рамазановтың ұйымдастыруымен, қасиетті Шағыбан айының құрметіне жайылған ауызашар дастарханына 150-ге жуық жамағат жиналды. Шара соңында дастархан басына жиналған жамағатқа мешіт ақсақалдары ақ батасын берді.

Дереккөз: «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру