Наиб мүфти мерекелік іс-шараға қатысты (ФОТО)

01 мамыр 2021 3652 0
Оқу режимі

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен елордадағы «Дінаралық келісім аллеясында» ағаш отырғызу іс-шарасы өтті.

Айтулы шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен, ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы, сондай-ақ елордадағы діни бірлестіктердің басшылары мен өкілдері қатысты.

Сауапты іс Қазақстан халқының бірлігі күніне, сондай-ақ қаланы көгалдандыру мен жаңарту идеясын қолдау мақсатында ұйымдастырылды. Бейбітшілік пен келісім сарайы маңында өткен шара барысында қатысушылар 100-ге жуық ағаш отырғызды.

«Қазақта «атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген аталы сөз бар. Мағынасы – терең. Жалпы ағаш егу, оны сауабын алу мақсатында отырғызу – үлкен мәдениеттің белгісі. Дінімізде де бұл – жақсы амалдардан. Табиғатты сақтау, қоршаған ортаны көгалдандыру мақсатында қолға алынған жақсы бастама оңынан болсын» – деді Ершат Ағыбайұлы.

Бұл акция жылдағы дәстүрге сәйкес өткізіліп жатқандығын атап өткен жөн. 2017 жылдан бастап мемлекеттік мекемелер мен діни бірлестіктердің басшылары «Конфессияаралық келісім аллеясында» дәл осылай ағаш отырғызуды бастаған болатын.

 

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру