НАИБ МҮФТИ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯҒА ҚАТЫСТЫ (ФОТО)

26 қаңтар 2024 1508 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төраға орынбасары, наиб мүфти Кенжеәлі Қоңыратбайұлы Алматы қаласында Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысып, баяндама жасады.

ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты Тұран университетімен бірігіп өткізген «Еуразия континенті халықтарының эволюциясы контексіндегі зороастризмнің мәдени-тарихт мұрасы» тақырыбындағы конференцияда Қазақстан, Өзбекстан, Иран, Ресей, Беларусь, АҚШ, Испания және т.б мемлекеттерден профессорлар қатысты. Наиб мүфти ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы  2024 жылды «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жариялағанын айта келе:

«Адамзат баласы тумысынан Жаратушыға мұқтаж. Пенде он сегіз мың ғаламның тылсым сырына қанық болу үшін үнемі Жаратушысын іздеп, Оған жалбарынған. Кез-келген халықтың өткен тарихына назар салғанда олардың шынайы ақиқатты тапқанға дейін түрлі наным-сенімдер мен ілімдердің иланушысы болғанына көз жеткізуге болады. Сол секілді қазақ  халқы да соңғы дін – Исламды қабылдағанға дейін ақиқатты іздеу жолында «тар жол, тайғақ кешуден» өткен деуге негіз бар.

Зороастр сенімі түркілердің өткен тарихында өзіндік із қалдырғанымен де, шынайы ақиқаттың негізі Исламда жатқаны анық. Хорасан, Мәурәннәһір және Дешті Қыпшақты мекендеген түркілердің Исламды қабылдауының бар сыры да осында.

Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы дін мен дәстүр сабақтастығына ерекше назар аударып келеді. Биылғы жылды «Ислам және дәстүр құндылығы» деп жарияланды. Осы салада өзге діндерге сыйластықпен қарап, өзіміздің дәстүрлі ислами дүниетанымымызды дамыта береріміз анық», - деп атап өтті.

Айта кетейік, ауқымды шарада қазақ, орыс, ағылшын және парсы тілдерінде баяндама жасалды.

Пікірлер Кіру