Наиб мүфти «Халал даму» мамандарымен бірқатар мәселені талқылады (ФОТО)

02 қыркүйек 2021 3469 0
Оқу режимі

Елордада ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат қажы Ағыбайұлының қатысуымен «Халал Даму» мамандарының кезекті жиыны өтті.

Басқосуға «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы, ұжым мамандары мен жергілікті өкілдер қатысты.

«Ислам – мұсылмандарға өмірдің барлық саласын түгел қамтып, басшылыққа алатын шариғат шеңберін айқын көрсетіп берген дін. Діни басқарманың айрықша ден қойған саласы – халал. Халал ұғымы діни мәселе болғандықтан, ҚМДБ стандарттау және сертификаттау өз жұмысын жүргізуде басқа ұйымдармен бәсекелестікті емес, шариғат талаптарының толық орындалуын көздейді.  Ағыл-тегіл, көл-көсір нығметтерді құлдарына берген Раббымыз солардың адалын пайдаланып, ал арамынан аулақ болуды Құранда қатаң ескерткен: «Әй, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер!» («Бақара» сүресі, 168-аят).  Сондықтан да, халал өнімдеріне қатысты туындаған мәселелерді шариғат талаптарына сай жүйелеу – басты міндеттердің бірі. Халал сертификат беруде бәсеке емес, шариғат талабын орындау аса маңызды», – деген Ершат Ағыбайұлы күн тәртібіндегі мәселелерді көтерді.

Күн тәртібінде айлық тексеріс жұмыстарын жүйелі түрде өткізуді қадағалау, кәсіпорындарда санитарлық-эпидемиологиялық тазалық шараларын жақсарту, ақпараттық-насихат шараларын күшейтіп «ҚМДБ халал» стандарты бойынша жұмыс жасауға шақыру мәселелері талқыланды.

«Біздің алар асуымыз, бағындырар белесіміз әлі алда. Бүгінгі жиынымыз да болашақтағы жоспарларымызды жүйелеп, бағдарымызды белгілеу мақсатында ұйымдастырылып отыр. Бүгінгі күні 700-ге жуық кәсіпорын 28 бағыт бойынша сертификатталды. Біз үшін сан емес, сапа маңызды. Алайда, күнделікті қолданыстағы, халыққа қажетті халал өнімдер санын арттыруымыз қажет. Сол себепті өңіріңіздегі кәсіпорындар санын көбейтіп, ақпараттандыру шараларын нығайтамыз», – деді Айбек Асқарбекұлы.

 

Дереккөз: halaldamu.kz

Пікірлер Кіру