МЕЙІРІМГЕ ТОЛЫ МЕРЕКЕ

01 маусым 2022 3110 0
Оқу режимі

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти 

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні – мейірімге толы мереке. Себебі баланың қуанғанынан, оның шат күлкісінен артық ештеңе жоқ. Біз үшін балаларымыздың болашағы маңызды. Өйткені олар – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын нағыз кемел ұрпақ. Сондықтан оларға сапалы білім, жақсы тәрбие беру – бізге міндет.

Біз «Әке баласына жақсы тәрбиеден артық мирас қалдыра алмайды» деген Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сөзін көкейіне мықтап түйген, «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген ұстанымға мықтап бекінген халықпыз.

Бабаларымыз бұрыннан Құдайдан қорқатын перзент тәрбиелеп, балаға ең алдымен имандылық тәрбиесін сіңіруді көздеген. Себебі Алланы таныған, Құдайдан қорқатын перзент ешуақытта ата-анасына қарсы келмейді, қоғамға кері әсерін тигізбейді. Керісінше зерек, алғыр болып өсіп, ата-анасын екі дүние жақсылығымен қуантып, хәкім Абай айтқандай, кірпіш дүниедегі кетігін тауып қаланып, қоғамда орны бар өз ісінің маманы екенін дәлелдейді.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Баланың әкесіндегі құқықтарының бірі – жақсы әдеп пен жақсы есім», –  деген. Осы сүннетті берік ұстанған бабаларымыз перзентіне жақсы есім қойып, жақсы тәрбие беруге тырысқан. Себебі балаға жас кезінде берілген тәрбие жас шыбықты игенмен бірдей.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде: «Адам дүниеден өткенде оның үш нәрсесінен – тоқтаусыз садақасы, таратқан білімі және салиқалы ұрпағының дұғасынан басқа барлық амалы тоқтайды», – деген болатын. Демек салиқалы ұрпақ өсіру – сауабы мол салиқалы іс. Ондай ұрпақ ата-анасының жүзін жерге қаратпайды, перзенттік борышын адал атқарып, тіпті ата-анасы дүниеден өтсе де олар үшін үнемі дұға етіп, жақсы амалдары арқылы сауаптың үзілмеуіне себепкер болады.

«Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілер» дейді бабаларымыз. Ендеше, ұлттың болашағын ойласақ, ұрпақ тәрбиесін ұмытпағанымыз абзал! Балаларымыз бақытты болсын!

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру