Мешіт жастары Қарттар үйінде қайырымдылық шарасын ұйымдастырды (ФОТО)

11 желтоқсан 2018 8958 0
Оқу режимі

Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің «Инабат» қыздар клубының ұйымдастыруымен кеше Астана қаласындағы қарттар үйінде қайырымдылық шарасы өткізілді. Тағдырдың талқысына түскен ата-әжелеріне мейірімділік танытып, қамқорлық көрсетуге талпынған мешіт шәкірттері мен жамағатынан құралған топ арнайы дастархан жайып, сыйлықтар үлестіріп қайтты.

Қасиетті Құран аяттарының оқылуымен басталған шара аясында «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы Фархат Исаұлы қариялар қауымына уағыз айтып, жамағатпен бірге дұға да жасады. Өрімдей жастардың өздері үшін құрақ ұшып, жандары қалмай жанталасып құрмет көрсетіп жүргендеріне орталықтағы қариялар да ризашылықтарын айтып, алғыстарын жаудырып жатты. Ашылғалы бері Астана қаласындағы құлшылық ордаларының жәрдемі мен қамқорлығына куә болып келе жатқан Қарттар үйінің қызметкерлері де өз тараптарынан алғыстарын жеткізді.

Шара соңында қайырымдылық дастарханына келе алмаған сырқат қарияларды мешіт жастары арнайы зиярат етіп, бөлмелеріне бас сұғып шықты. Ізгі тілектерін арнап, арнайы әкелген сыйлықарын тарту етті.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

Пікірлер Кіру