МЕШІТ ЖАМАҒАТЫНА ТӘРБИЕДЕГІ ӘКЕНІҢ РӨЛІ ТУРАЛЫ СЕМИНАР ӨТТІ (ФОТО)

12 наурыз 2023 3020 0
Оқу режимі

Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде әкенің бала тәрбиесіндегі рөлі мен маңызы туралы семинар өтті. «Әкенің ең үлкен сыйы – жақсы тәрбие» деп аталған жиынды болашақ қари Мұхаммед Ахмеди Алланың кәламы –  Құранмен ашып берді.  Басты тақырыбы Пайғамбар хадисінен алынған бұл жиында ҚМДБ уағыз насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров тағылымға толы насихатын айтты.

«Әке үлгі-өнеге иесі болуы керек.  Баламды түзетем десең, алдымен өзіңе мән бер. Өйткені, әке – балаға айна», - деді ол өз сөзінде.

100-ден аса адамды қамтыған тағылымды жиынның басты мақсаты – ізгі қоғам қалыптастыруда қоғамның кез келген мүшесімен тығыз жұмыс істеу. Семинарға ұстазбен қоса, қоғам белсендісі мен үлгілі әкелер де шақырылды. Соның бірі «Әл-Фараби» мешітінің жамағаты, ұлттық және діни құндылықтарды дәріптеп жүрген Алимов Ерсейіт.  Сондай-ақ, үлгілі әке боп отырған Жасұлан Рахымжанұлы өз балаларын қарилыққа тәрбиелеудегі тәжірибесімен бөлісіп, көп адам ескере бермейтін қарапайым дағдыларды қалыптастыруды ұсынды.

Бүгінгі кездесу пайдалы әрі тың ақпараттарға толы болды. Жиылған жамағат рухани байып, өз ризашылықтарын білдірді.

Кездесу соңында бала тәрбиесіне қатысты  ата-аналарға арнайы дайындалған  нұсқаулық пен балаларға тәттілер таратылды.

Суреттер топтамасын ФОТОГАЛЕРЕЯ айдарынан көре аласыздар.

 

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру