МЕШІТ ЖАМАҒАТЫ АРАСЫНДА БАТА БЕРУДЕН САЙЫС ӨТТІ (ФОТО)

25 қараша 2022 3442 0
Оқу режимі

Кеше Астана қаласындағы Көктал мешітінде «Ел тілеуін тілейік!» атты бата беру сайысы өтті. Сайысқа Астана қаласындағы 13 мешіттің жамағатынан іріктелінген 13 ақсақал қатысып, бата берумен қатар, діни білімдері мен салт-дәстүрге жетіктігі сарапқа салынды.

Батагөй ақсақалдардың арасынан жеңімпаз таңдау төрелігі «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаев, «Шейх Кунта қажы» мешітінің бас имамы Бекқожа Қазкенұлы, Көктал елдімекені Ақсақалдар алқасының төрағасы Сабыр Құсайыновтарға берілді. Қазылар алқасы ақсақалдардың «Сәлем сөздің анасы», «Өнерлі өрге жүзер», «Батаменен ел көгерер», «Діни сұрақтар», «Салт-дәстүр» атты бес кезең бойынша білімдерін бақылап, үздігін анықтауға тырысты.

Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі ІІІ орын «Шейх Кунта қажы» мешітінің жамағаты Темешбайұлы Жеңіс ақсақалға бұйырса, ІІ орынға «Әл-Фараби» мешітінен келген Қазкенұлы Қажымұрат ақсақал лайық деп танылды. Сайыстың бас жүлдесін «Әлжан ана» мешітінің жамағаты Байпақов Болат қажы еншіледі. Жүлдегерлердің барлығы арнайы «Алғыс хатпен» марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.

Шара соңында Көктал мешітінің бас имамы Ілияс Отаровтың ұйымдастыруымен қатысушыларға мерекелік дастархан жайылды.

 

 

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру