МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ӘЛ-АЗҺАР ШЕЙХЫ АХМЕТ ТАЙЫППЕН КЕЗДЕСТІ

13 қыркүйек 2022 3214 0
Оқу режимі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әл-Азһар» университетінің Жоғарғы имамы, шейх Ахмет Тайыппен кездесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. 

Ел Президенті Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының басқосуына орай жолдаған шақыруын қабыл алғаны үшін шейх Ахмет Тайыпқа ризашылық білдірді.

– Біз өзіңіз басқаратын «Әл-Азһар» университетін ортақ дініміз – ислам құндылықтарын дәріптеуші «шамшырақ» ретінде қарастырамыз. Сондықтан толеранттық пен ұстамдылықты, сабырлық пен мейірімділікті ту еткен орталық ғұламаларының бүгінгі Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының басқосуына қатысуы біз үшін өте маңызды, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманға ислам білімінің ордасы және діни экстремизмге қарсы іс-қимыл орталығы саналатын «Әл-Азһар» университетінде қазақстандық студенттердің білім алуына жасалған жағдайды жоғары бағалайтынын жеткізді. Сонымен қатар «Әл-Азһардың» Қазақстанда ислам білімі мен зерттеулерінің дамуына қомақты үлес қосып отырғанын ерекше атап өтті.

Келесі жылы сұлтан Бейбарыстың туғанына 800 жыл толады. Мемлекет басшысы аталған мерейтойға дайындық аясында Қазақстан тарапы Каирдегі сұлтан Бейбарыс мешітін қайта жөндеуге айтарлықтай үлесін қосатынын айтты.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Мысыр Президенті Әбдел Фаттах ас-Сисиге ыстық ықыласқа толы сәлемін жолдады.

Өз кезегінде «Әл-Азһардың» Жоғарғы имамы Мемлекет басшысына Мысыр Президентінің жүрекжарды сәлемін жеткізді.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру