МЕДРЕСЕ ТҮЛЕКТЕРІ БАС МҮФТИ ҚОЛЫНАН ДИПЛОМ АЛДЫ

19 маусым 2024 1013 0
Оқу режимі

Елордадағы «Астана» медресе-колледжі биылғы түлектеріне диплом табыстады. Айтулы іс-шараға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысты. «Жолың болсын, жас түлек» атты мерекелік кеш қасиетті Құран аяттарын оқумен басталып, Бас мүфти медресе шәкірттеріне ізгі тілегін жеткізді.

«Алла Тағала қасиетті Құран аятында білгендер мен білмегендер тең бола алмайтынын баяндаған. Дінімізде білім алудың маңызы өте зор. Медреседе алған ілімдеріңізді жалғастырамын десеңіздер елімізде мүмкіндік көп. Сондықтан әркез талмай білімге ұмтылыңыздар. Дін адамы әрқашан елдің бірлігін, жұрттың амандығын ойлауы тиіс. Сіздердің мінезіңізге, тәрбиеңізге, қызметіңізге ел разы болса, бұл ұстаздар еңбегінің жемісі деп санаймын.

Осман ибн Аффан (Алла оған разы болсын) Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеткізген хадисте былай делінген: «Қиямет күні үш түрлі адамға шапағат етіледі: Пайғамбарлар, содан соң ғұламалар, содан соң шейіттер». Міне, білім алудың қандай маңызды екенін осыдан-ақ аңғаруға болады» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Сондай-ақ Бас мүфти өз сөзінде Діни басқарма медресе түлектеріне қашан да қолдау көрсете беретінін жеткізді. Айта кетсек, биыл еліміздегі 9 медресе-колледжі 434 түлек бітірді. Оның 289-ы ер бала, 145-і қыз бала. 210 түлек бұйрық алып, қызметке орналасуда. Нұр Мүбарак университеті мен Хусамудин ас-Сығанақи институтында оқуын жалғастыруға ниет танытып отырған шәкірттер де аз емес. Ал Астана медресесін биыл 47 түлек бітірді. Оның 36-сы ұлдар, 16-сы қыз балалар.

«Астана» медресе-колледжі 2007 жылы ашылған болатын. Содан бері медресені жалпы 427 шәкірт бітіріп шықты. Түлектерге диплом беру шарасында Бас мүфти медреседен Құранды толық жаттаған және медресеаралық олимпиадада үздік нәтиже көрсеткен шәкірттерге бір реттік сыйақы табыстады.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру