Медресе-колледждің жаңа ғимараты пайдалануға берілді (ФОТО)

05 қараша 2020 3916 0
Оқу режимі

Дін ғұламаларының орталығы болған Тараз шаһарында «Һибатулла Тарази» медресе-колледжінің жаңа ғимараты қолданысқа берілді. Салтанатты шараға ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, өңірдің бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев және медресе ұстаздары қатысты.

Алғашқы болып көпшілік алдында сөз сөйлеген облыс әкімі: «Елдегі балаларды шетке жібермей-ақ өз өңірімізде діни білім берсек, қандай жақсы. Ғимарат қазіргі заманның талабына сай керемет салынған екен. Осы білім ордасында діни білім мен дәстүрлі тәрбие беріліп, ол ілім басқа жастарға үйретілсе, адамның бір міндеті орындалды деген сөз» - деп атап өтті.

Ал, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы өз кезегінде: «Тараз бұл өте көне шаһар. Тараздан шыққан әулие-әмбиелер, ғұламалар көп болған. Һибатулла ат-Тарази дін тараған ортаға барып, Мысырда медресе басшылығын атқарған ұлы тұлға. Біз Мысырда дін мамандарын оқытатын жердің басшысы болған абыройлы тұлғаның ұрпағымыз. Аллаға шүкір бұл бір үлкен іс болды. Шәкірттерге бар жағдай жасалған екен. Енді алаңсыз білім алуға жазсын», - деді Бас мүфти.

Ақ жаулықты әжелер шашуын шашып, Наурызбай Тағанұлы мен Бердібек Сапарбаев ғимараттың тұсаукесер лентасын қиды. Кейін қонақтар медресемен толық танысып, ішін аралап шықты.

«Һибатулла Тарази» медресе-колледжінің жатақханасының жалпы көлемі 40 шаршы метрден және жапсарлас салынған екі қабатты ғимараттан тұрады. 1-қабатта Холл (қонақ күту), ресепшн, кітапхана, 3 ұстаздар бөлмесі, асхана, кір жуатын бөлме, дәретхана, үлкен жуынатын бөлмесі және монша орналасқан. Ал 2-қабатта 12 жатын бөлме және 4 сынып бар. Жатақхананың батыс жағында 2 қызметтік үй қамтылған. Біреуі 36 шаршы метр, екіншісі 20 шаршы метр.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру