МӘУЛІТ КЕШІНІҢ БИЛЕТІНЕН ТҮСКЕН ҚАРЖЫ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚҚА ЖҰМСАЛДЫ (ФОТО)

29 қазан 2022 3066 0
Оқу режимі

Астана қаласындағы «Қазақстан» орталық концерт залында өткен «Үмметін сүйген Мұхаммед» атты Мәуліт кешінде бірнеше жанға арнайы «Мәуліт сыйы» табысталды. Алдын ала хабарланғандай, «Мәуліт сыйы» қайырымдылық шарасы кеш билеттерінен түскен қаражатқа жасалды.

ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы сахна төрінде тоғыз адамға «Мәуліт сыйын» табыстап, бұл шараның маңызы жөнінде айтып өтті.

Мәуліт сыйының алғашқы иегері Сансызбай Төкенұлына «жүрегі мешітке байланған жан» ретінде кіші қажылық жолдамасы берілсе, мешітке сіңірген ересен еңбегі үшін «Ғылмани» мешітінің шаруашылық меңгеруішісі Наград Әленханұлына шипажайға жолдама берілді. Ал, төрт баланың анасы Наурызгүл Асылбекқызының ісмерлігіне сәйкес, көп функциялы тігінші машинасы, жол апатына түсіп, қоларбаға таңылған Сәулетхан Бақытбекұлына зергерлік құрылғылар тарту етілді.

Бал кезінде апатқа ұшырап, беті-жүзі түгелдей күйіп қалған Шынболат Сәбитұлы мен бүгінде жүрегін ауыстыру отасына кезекте тұрған, өзі жасанды жүрек аппаратымен жүрген Айдос Исламғалиұлына 500 000 теңгеден көмек берілді.

Мәуліт кешіндегі тағы бір қуанышты оқиға – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Ел үлесі пәтерге» жобасы аясында Астана тұрғыны, жеті баласын жалғыз өзі тәрбиелеп келе жатқан Қабылдин Төлепбергенге баспана кілті табысталды.

Ал, сонау 1982 жылы көзінен айырылып, кейіннен Брайль жүйесімен (қағаздағы тесіктер арқылы) Құран оқуды үйреніп, кейіннен ұстаздыққа кірісіп, 130 шәкірт тәрбиелеген Бақытжамал Кәрібайқызына Бас мүфти «ҚМДБ 30 жыл» мерекелік медалін тағып, шипажайға жолдама табыс етті.

Сондай-ақ, Астана іргесіндегі Кенесары ауылының тұрғыны Мұрат Қабылбаев та дәл осы мерекелік медальмен марапатталып, шипажайға жолдама берілді. Айта кетейік, осы ауылда біршама жылдар имамдық қызмет атқарған Мұрат Қабылбаев 17 баланы асырап, әкелік мейіріміне бөлеген жан.

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру