МАРАЛ ИШАННЫҢ КЕНЕСАРЫ ХАНҒА СЫЙЛАҒАН ҚҰРАНЫ КЕСЕНЕГЕ ҚОЙЫЛДЫ (ФОТО)

17 қараша 2023 1951 0
Оқу режимі

Бүгін Түркістан қаласында әйгілі Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құран кітабын Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қою рәсімі өтті.

Салтанатты іс-шараға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов, сондай-ақ Кенесары хан мен Марал ишан ұрпақтары қатысты. Рәсім Құран оқумен басталып, облыс әкімінің құттықтауымен жалғасты. Аймақ басшысы мұндай жиынның өтуі мәртебе дей келе, түркі жұртының төріне баланған Түркістан үшін тағылым екенін атап өтті.

Ал Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы өз кезегінде бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының үлкен аманаты екенін айтып, ер түріктің бесігіне баланған Түркістан үшін тарихи оқиға деді.

«Осы жылдың маусым айында бабамыздан жеткен құнды жәдігерді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қабылдап алып, бүгін сол бір бабаларымыздың көзі болған құнды мұра жеті ғасырлық тарихы бар Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қойылғалы тұр. Жаңа ғана қариларымыз Құран Хатым түсіріп, сауабын Кенесары хан мен Марал ишан сынды барша бабаларымызға бағыштадық. Алла қабыл етсін!

Қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлының бізге сенім артып тапсырған аманаты бүгін киелі Түркістан төріне жетті.  Құнды жәдігердің Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың кесенесіне қойылуы дәстүрлі дініміздің мәртебесінің артып, халқымыздың санасының ізгілікке өзгеруіне ықпал етеді деген ойдамыз. Құнды мұрамен елімізге құт орнасын» ҚМДБ Төрағасы.

Сондай ақ жиында сөз алған Ержан Болатқанұлы да жәдігердің Түркістанға қойылуы мәні бар маңызды дүние деп атап өтті. Ресми іс-шара барысында Бас мүфти Құранды «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайының директоры Жеңісбек Мәуленқұловқа табыстап, кітап кесенедегі үлкен «Ақсарай» бөлмесіне қойылды.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қазметі 

Пікірлер Кіру