«Халал оқыту орталығында» қасапшыларға арналған семинар өтті (ФОТО)

04 ақпан 2022 3167 0
Оқу режимі

ҚМДБ ғимаратындағы «Халал оқыту орталығында» Макинск құс фабрикасының қасапшылары мен қасапшылыққа жауапты мамандарға арналған оқу-семинары өтті.

Семинарда «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы, ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрсақов, «Халал Даму» ветеринарлық санитария ісінің маманы Данияр Сафиев дәріс оқыды.

«Құс өсіру бүгінде шаруашылықтың неғұрлым дамыған салаларының біріне айналды. Елімізде құс етін өндіру көлемі ұлғайып келеді. Алайда шариғат және халал стандарт талаптарына сай құс фабрикалардың саны аз. Қазіргі таңда «Халал Дамудың» бақылауында 20-дан астам құс фабрикасы бар. Осы құс фабрикаларына қойылатын негізгі талап – құсты қолмен, шариғатқа сай бауыздау. Сол себепті әр қасапшының халал туралы толық әрі терең мағлұматы болуы біз үшін маңызды.

Қазақ «тауық сойса да қасапшы сойсын» деген. Бір қарағанда оңай секілді көрінген қасапшылықтың шариғатымызда бекітілген, халал стандартымызда нақтыланған өзіндік талаптары мен ерекшеліктері бар. «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала барлық нәрсені жақсылап істеуді бұйырды. Сондықтан мал сойсаңдар, дұрыстап сойыңдар», – деген болатын» деген Айбек Асқарбекұлы халал стандартқа сай мал бауыздау мен ет өңдеудің негізгі ерекшеліктеріне тоқталды.

Семинар барысында Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрсақов құс кәсібі мен жем азығына қойылатын шариғат талаптарға тереңірек тоқтала отырып, мал союдың әдебі бар екенін түсіндірді. Малды Алла атымен бауыздамау және пышақпен емес, электр тогымен қинап немесе басынан ұрып өлтіру оның етін жарамсыз (харам) ететінін жеткізді.

Ветеринариялық санитария ісінің маманы Данияр Сафиев халал стандарты бойынша құс азығынан бастап, бауыздау, өңдеу, сақтау, тасымалдау және сатуға қойылатын барлық кезеңдерге жіті тоқталып өтті.

Оқу бағдарламасы соңында қатысушылардың сұрақтарына жауап берілді. Өз кезегінде, дәріске қатысқан қасапшылар Діни басқарма мамандарына алғыс білдірді.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру