КЕНТАУДА ҚАРИЛАР ОРТАЛЫҒЫ ЖАНЫНАН ҚЫЗДАР БӨЛІМІ АШЫЛДЫ (ФОТО)

31 қаңтар 2024 1798 0
Оқу режимі

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Түркістан облысының Кентау қаласындағы «Балаби қарилар дайындау орталығы» қыздар бөлімінің ашылу салтанатына қатысты.

Ең алдымен Қасиетті Құран аяттары оқылып, Бас мүфти қариларға батасын берді. Наурызбай қажы Тағанұлы құттықтау сөзінде Кентаудағы медресенің маңызына тоқталып, шәкірттердің Құранға деген құрметі жөнінде сөз айтты.

«Айша анамыз: (Алла оған разы болсын) Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына хадисті жеткізеді: «Құранды жатқа біліп оқушы періштелермен бірге болады. Ал, қиналса да жаттап алу үшін оқыған адамның дәрежесі екі есеге ұлғаяды» делінген. (Бұхари, Мүслим). Дана қазақ «Жасында байқары жоқтың қартайғанда айтары жоқ» деген. Бұл дегеніміз қарттық келгенде иманнан алған әсері жоқ, Құраннан алған қуаты жоқ деген сөз. Жас кезінде Құран жаттаған адамды Алла қарттықтың азабынан сақтайды дейді. Ал сахабалардың бірі Ибн Аббас (р.а): «Кім Құранды толық жаттаса, ол қарттықтың қалжырауына ұшырамайды», - деген.

Биыл біз діни қызмет аясында 2024 жылды «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп атадық. Осы жылы дәстүрлі исламды дәріптеу, салт-дәстүрімізді барынша насихаттау жұмыстары жүргізілмек. Осы орайда медреседе тәлім алып жатқан шәкірттерімізге де құлаққағыс болсын. Дін мен дәстүрімізді қатар үйрету керек. Қазақы дүниетанымымызға сай тәрбие берсек олар үшін еш алаңдамамаймыз. Біздің ырымдарымыздың тәрбиелік мәні, қазақ дәстүріндегі отбасылық тәрбие осының бәрі медреседе де үйретілуі тиіс. Баршаңызға Алла жар болсын! Қыздар бөлімінің жаңа ғимараты құтты болсын» деп ізгі ниетін жеткізді.

Еңселі ғимараттың ашылу рәсімінен соң қонақтар қыздар бөлімін аралап толық танысты. Медресе директоры Арман Қуанышбаевтың сөзінше, ғимараттың сыйымдылығы 70 шәкіртке арналған. Орталық спорт залымен, асхана, оқу залы және жатақханамен қамтылған. Орталықтың спорт залы көпфункцияналды. Мұнда ерлер және қыз балалар өз кезегімен спортпен шұғылданады. Орталықта қыздар 16 жастан 22 жасқа дейін қасиетті Құран Кәрімді толық жаттауға мүмкіндігі бар.

Сонымен қатар бөлімде қыздар өз шеберліктерін шыңдап, өз қолдарымен түрлі дүние дайындайды. Қазіргі таңда бөлімде 40 қыз тәлім алуда. Айта кетейік, оқу базасының алғашқы кірпішін де Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы келіп қалаған болатын.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі 

Пікірлер Кіру