Ғұламалар кеңесінің XXIV мәжілісі басталды (ФОТО)

06 желтоқсан 2019 4791 0
Оқу режимі

Бүгін Алматыдағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кеңсесінде Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың төрағалығымен Ғұламалар кеңесінің XXIV мәжілісі өз жұмысын бастады.

Мәжіліске бірінші наиб мүфти, Ғұламалар кеңесі төрағасының орынбасары, Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы, наиб мүфти, Ғұламалар кеңесінің хатшысы Ершат қажы Ағыбайұлы, ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев, Бас мүфти кеңесшісі Мұхаммед-Хұсейн Алсабеков, т.б. кеңес мүшелері қатысуда.

Мәжілісті ашқан Серікбай Сатыбалдыұлы 2020 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылғанына 30 жыл толатынын, айтулы мерейтой аясында ғылыми-танымдық кітаптар шығарып, әл-Фарабидің 1150, Абайдың 175, Алтын Орданың 750 жылдығы қарсаңында халықаралық конференциялар өткізуді тапсырды. Сонымен қатар, 30 жылдық мерейтой кезінде 30 жетім балаға, 30 отбасына қайырымдылық көмек көрсетудің маңызын атап өтті.

Ғұламалар кеңесінің хатшысы Ершат қажы Ағыбайұлы мәжілісте қаралатын құжаттармен таныстырып, күн тәртібіндегі мәселелерді атап өтті.

Сонымен бүгін өз жұмысын бастаған кеңестің XXIV мәжілісінде «Құдайы ас берудің тәртібі», «Ауызашар берудің әдебі», «Мұсылман зиратының тәртібі» сынды бірқатар құжаттармен қоса, «Бөліп төлеу арқылы үлкен және кіші қажылыққа барудың үкімі», «Құмар және лотерея ойындарының үкімі», «Буаз малды бауыздаудың үкімі», «Теңіз өнімдерін (асшаян, сушаян, таңқы шаян) пайдаланудың үкімі», т.б. мәселелер бойынша жазылған пәтуаның мәтіні талқылаудан өтуде.

Кеңес жұмысы ертең де ҚМДБ кеңсесінде жалғасады.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру