Ғұламалар кеңесінің ХХVІІІ мәжілісі өтті (ФОТО)

22 желтоқсан 2020 3366 0
Оқу режимі

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Алматыдағы ғимаратында ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің ХХVІІІ мәжілісі өтті.

Мәжіліске Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, наиб мүфти Ершат Оңғаров, Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы, Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы, Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров және  Ғұламалар кеңесінің бірқатар мүшелері қатысты.

ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы алдымен басқосуға қатысушыларды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, Ғұламалар кеңесі шариғатымыздың негіздеріне сүйене отырып, қоғамдағы мұсылман қауымы арасында туындап отырған көкейкесті, түйткілді мәселелерді талқылап, дер кезінде шешімдер шығарып, пәтуалар мен концептуалды құжаттар қабылдап келе жатқанына тоқталды.

«Аллаға шүкір, аз ғана уақыттың ішінде Ғұламалар кеңесінің көптеген мәжілісі әртүрлі аймақта өтті. 2020 жылы Ғұламалар кеңесінің 4 отырысы және онлайн түрде 4 жиналысы өтті. Жылдың алғашқы отырысы Павлодар қаласынан бастау алды. Ол жерде бірнеше пәтуа қабылданды. Келесі Ғұламалар кеңесінің мәжілісі Нұр-Сұлтан қаласында өтті. Жылдың үшінші кезектен тыс отырысы Алматы қаласында өтті. Ол кезде 4 пәтуа талқыланды», - деп атап өтті.

Еліміздегі карантин жағдайына байланысты діни амалдар орындауына қатысты көптеген сұрақтар туындады. Осы сұрақтарға шариғи тұрғыдан дұрыс жауаптар беру мақсатында Ғұламалар кеңесінің бірнеше онлайн мәжілісі өткен болатын. Онлайн жиналыстар нәтижесінде 11 мәлімдеме, 7 үндеу, 2 пәтуа ел назарына ұсынылды. Жалпы биыл 14 пәтуа, 4 құжат, 4 ереже, 11 мәлімдеме, 7 үндеу қабылданды.

Жиын соңында Наурызбай қажы Тағанұлы «Нұр-Мүбәрак» университетінің проректоры Қайрат Құрманбаевқа, осы университеттің оқытушылары, белгілі дінтанушы ғалымдар Шамшәдин Керім, Алау Әділбаев, Мұхиддин Исаұлы, Мұхан Исахан, Бауыржан Әлиұлына және «Төле би» мешітінің бас имамы Ерсін Әміре мен «Иман» журналының бас редакторы Оңғар Өмірбекке ҚМДБ-ның 30 жылдық төсбелгісін табыстады.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру