ЕЛОРДАДА ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ЕҢ ҮЛКЕН МЕШІТ АШЫЛДЫ (ФОТО)

12 тамыз 2022 4369 0
Оқу режимі

Елордада Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт ашылды. Ашылу рәсіміне Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев арнайы қатысып, мұсылман жамағатын жаңа мешіттің ашылуымен құттықтады. Сонымен қатар, мұсылман мемлекеттерінің мүфтилері мен елшілері қатысып, игі тілектерін білдірді.

Мешіт орналасқан жер учаскесінің алаңы – 10 гектар. Оның жалпы алаңы – 68 062 шаршы метр. Үлкен күмбездің биіктігі – 83,2 метр, диаметрі – 62 метр. Мешіттің төрт мұнарасы бар. Оның биіктігі – 130 метр.

Сонымен қатар, мешіттің жерасты қабатында 440 орындық банкет залы, 405 орындық жабық паркинг, вестибюль, дәретхана, техникалық, ритуалдық қызмет көрсету орны, құрбан шалу орны және басқа бөлмелер орналасқан.

Бірінші және екінші қабаттарда намаз оқитын орыннан бөлек сыныптар, конференц-зал, неке қию залы, Құран оқитын бөлме, телестудия, кеңселер, қызметтік бөлмелер, дүкендер, мұражай және техникалық бөлмелер бар.

Мешіттің жалпы сыйымдылығы 235 000 адамды құрайды, яғни бір мезетте осынша адам сапта тұрып намаз оқуға мүміндігі бар. Ашық алаңда шамамен 200 мың адам, яғни: подиум мен сахан аймағында 30 мың адам, мешіт ауласында 170 мың адам бір мезетте құлшылық жасауға мүмкіндік бар. Мешіт ішінде 35 мың адам, яғни: ерлерге арналған орында 30 мың адам; әйелдерге арналған орында 5 мың адам намаз оқи алады.

Мешіттің сыйымдылығы бойынша Нұр-Сұлтан қаласындағы республикалық Бас мешіт әлемдегі ең үлкен 10 мешіттің қатарына енді.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру