Елорда мешіттерінде залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде (ФОТО)

14 наурыз 2020 5442 0
Оқу режимі

Қазіргі таңда коронавирус қатерінің күллі адамзат баласына үрей туғызып отырғаны жасырын емес. Жер-жерде сақтық шаралары қолға алынып, тазалық мәселесіне баса мән берілуде. Халық көп шоғырланатын қоғамдық орындардың қауіпсіздігі жіті бақыланып, қатерлі дерттен сақтану шаралары жүйелі түрде айтылып келеді.

Осы орайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы коронавирустың алдын алу шараларына қатысты үндеу жариялап, сақтық шараларын күшейтуге шақырған болатын. Қазіргі таңда құлшылық ордаларына жиналатын жамағат санының көптігі баса ескеріліп, тазалық пен қауіпсіздік шараларын қатаң қадағалаланып, алдын алу жұмыстарын күшейтіліп келеді.

Аталмыш талап аясында бүгін республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде арнайы залалсыздандыру (дезинфекция) жұмыстары жүргізіліп, құлшылық ордасының көптеген жерлеріне медициналық тазартқыш сұйықтықтар орнатылды. Атап айтқанда, қызметтік бөлмелер мен төменгі қабаттағы діни заттар дүкеніне, дәретхана мен асхана аумақтарына аталмыш сұйықтық құрылғылары қойылып, келуші жамағатқа да тазалық сақтау талаптары таныстырылуда. Коронавирус дертінен қорғану үшін сақталуы қажет болған гигиеналық ережелер жазылған арнайы парақшалар жабыстырылып, қажетті мағлұматтар ұсынылып отыр.

Еліміздің Бас мешітінен басталған залалсыздандыру шарасы қазіргі уақытта Елордамыздағы барлық мешіттерде жалғасын табу үстінде.

 

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру