Дархан Қыдырәлі: Ихсан туралы кітап шығару – үлкен бетбұрыстың басы (ФОТО)

16 маусым 2021 3456 0
Оқу режимі

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жетекшілігімен жазылған «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабының танытымына қатысып, игі іс-шараны жүргізген Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі осылай деді.

«Діни басқарманың ихсан тақырыбында арнайы кітап шығарып, ел ағаларын жиып ауқымды іс-шара өткізіп отыруы – үлкен бетбұрыстың басы деп ойлаймын. Өздеріңізге мәлім, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінде Түркістан – түркі әлемінің рухани орталығы болып бекітілді. Біз Түркістанды рухани орталық дейміз. Неге? Себебі Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Ясауи бабамыз күллі түркі әлемінің рухани ұстыны ретінде бағаланады. Ал руханият дегеніміз осы – ихсан. Ихсанның алып бесігі – Түркістан топырағы. Жүсіп Хас Хажибтің кісілік кітабы – «Құтты білік» осы ихсан кітабы. Беріге тамыр тартсақ, Абайдың «Қарасөзін» де ихсан туралы кітап деп айтуға болады. Өйткені дүниенің көрінбеген тұсын түгендеу, әлемнің түпкі мәніне ықыласпен, ыждағатпен тереңдеп бойлау – ихсан ілімі. Діни басқарманың шығарған «Ихсан – рухани тәрбиенің негізі» кітабы құтты, ғұмыры ұзақ болсын» деді Халықаралық Түркі академиясының президенті, іс-шара модераторы Дархан Қыдырәлі.

Айта кетсек, 5 мың данамен шыққан «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабында «Жаратушы Аллаға ихсан», «Тұлғалық ихсан», «Ихсан және қоғам» сынды тараулар қамтылып, Ислам ғұламаларының ихсан ілімі жайлы ой-толғамдары берілген.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру