БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ УФАДА ӨТКЕН КОНФЕРЕНЦИЯҒА ҚАТЫСТЫ (ФОТО)

26 қыркүйек 2022 3004 0
Оқу режимі

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен Діни сараптама бөлімінің меңгерушісі, PhD докторы Нұрлан Қайырбеков Ресей Федерациясының Уфа қаласында өткен «Авраамикалық дәстүрдің идеалы мен құндылықтары: жолдау бірлігі – диалог және серіктестік» тақырыбындағы XIV халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты.

Волж Бұлғариясының Ислам дінін қабылдағанына 1100 жыл толуына және Шейх-уль-Ислам Талғат Сафа Таджуддиннің Ресей орталық мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы ретінде қызмет еткеніне 40 жыл толуына орай ұйымдастырылған мерекелік іс-шараға Ресейдің дін, мемлекет және қоғам қайраткерлері, дінтанушылар мен тарихшыларымен бірге Түркия мен Ауғанстан, Сауд Арабия Корольдігі мен Мысыр Араб Республикасы, Үндістан мен Иордания, Марокко мен БАӘ, Сербия мен Сирия, Тунис пен Ливан, Беларусь, Қазақстан мен Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстан секілді мемлекеттерден мәртебелі меймандар қатысты.

Аталмыш шара аясында Башқұртстан Республикасының Ұлттық музейі мен Ұлттық мұрағаты, Ресей Орталық мұсылмандары діни басқармасының Ресей ислам университетінің ұйымдастыруымен тақырыптық көрмелер ашылды. Ал жиынға Қазақстан атынан қатысқан Нұрлан Евфратұлы Ресей орталық мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы Шейх-уль-Ислам Талғат Сафа Таджуддинге Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ыстық сәлемін жеткізіп, басқармаға толағай табыстар тіледі.

Сонымен бірге, Башқұртстан астанасында Ресей орталық мұсылмандарының діни басқармасына қарасты Ресей ислам университетінің жаңа ғимараттарының салтанатты ашылуы өтті. Уфа қаласының тарихи орталығының сәулеттік келбетіне айрықша үйлесім берген заманауи ғимараттар кешені – елдің ең көне рухани басқармасының резиденциясының аумағында орын тепкен.

Айта кетейік, конференция өтіп жатқан Волж Бұлғариясы 922 жылы ресми әрі ерікті түрде мемлекеттік діни ұстанымы ретінде Ислам дінін қабылдаған еді. Содан бері өңір халқы діни сенім мен рухани дәстүрді қатар ұстап, елдің дамуына сүбелі үлес қосып келеді.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру