Биылғы қажылыққа қатысты мәліметтер жарияланды

28 желтоқсан 2020 4401 0
Оқу режимі

Сауд Арабиясы королдігінің Қажылық және умра министрі Мухаммад Салех Бентеннің мәлімдеуінше, биылғы қажылық маусымында келушілер арасынан COVID-19 вирусын жұқтырғандар тіркелмеген. Бұл жайында Қажылық министрі Мекке қаласының губернаторы, ханзада Халед әл-Фейсалмен кездесу барысында мәлім етті.

Айта кетейік, Сауд Арабиясы пандемияға байланысты наурыз айында кіші қажылықты тоқтатып, шілде айындағы қажылық маусымында 1 000 жанға ғана рұқсат берген болатын.

Дегенмен, қыркүйек айының 22-жұлдызында Эр-Рияд билігі кіші қажылық сапарын төрт кезең бойынша бірте-бірте жандандыра түсетінін жариялаған болатын. Осыған қатысты мәліметтерге сүйенсек, бірінші кезең 14 күнге созылып, нәтижесінде 84 000 жан кіші қажылық өтеген. Ал, екінші кезең бойынша 210 000 жанға қасиетті Қағбаны көру бақыты бұйырған екен.

Қараша айында басталған үшінші кезең жұмыстары аясында корольдік тұрғындарымен қоса, шетелдік мұсылмандарға да кіші қажылық жасауға рұқсат етілген.

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру