БІРЛІК – БАРШАҒА ОРТАҚ ИГІЛІК

18 қазан 2020 4184 0
Оқу режимі

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Ислам дiнi – жер бетiнде бейбiтшiлiк пен тыныштықты орнату үшiн жiберiлген соңғы дiн. Мiне, сондықтан, әрбiр мұсылман, тiптi, сәлем бергеннiң өзiнде бiр-бiрiнен хал-жағдай сұрасқанда «әссәламу алейкум» деп бейбiтшiлiк пен амандық тiлеп амандасады. Осы ретте баршаңызға «әссәламу алейкум», яғни Алланың сіздерге амандығы мен есендігі болсын дегім келеді.

Расында, Алланың алдында сүйкімді адамдар, олар – елді бірлікке шақырғандар, алауыздыққа жол бермегендер. Екі дүниенің бақытына жетелейтін Құран Кәрімнің «Хужурат» сүресінде: «Ей, адамдар! Негізінде, Біз сендерді бір ер және бір әйелден жараттық, әрі сендерді бір-бірлеріңді танып, білулерің үшін халықтар мен рулар етіп жасадық. Анығында, Алланың алдындағы сендердің ең құрметтілерің – тақуаларың», – делінген.

Аллаға шүкір, кешегі Абылай ханның армандап кеткен азаттығы, текті бабалардың тілегі бүгін орындалды. Қазақстан халқы Тәуелсіздікті тойлап, оны мәңгілік етуді ойлап жүрген жоралы жұртқа айналды. Ендеше, Елбасы айтқандай, Тәуелсіздігімізді сәт сайын қорғауымыз қажет.

Бүкіл адамзат баласының ұлттар болып, қауымдасып өмір сүруі, бір-бірінен ерекшелеп жаратылуы – Жаратушы Алла Тағаланың даналығы, мейірімі мен нығметі. Сайын даланы мекен еткен түрлі ұлт өкілдері салт-дәстүрін, әдебиеті мен мәдениетін дамытуға ерікті.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2019 жылдың 2 қыркүйегі күнгі Қазақстан халқына жолдаған «Сындары қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында қоғамдық келісімге қатысты:

«Әлеуметтік және этникалық топтар арасындағы келісім – бүкіл қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесі. Осыған орай, саяси үдерістерді саралап, бірлігімізді нығайта түсу үшін нақты шаралар қабылдау керек. Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт екендігін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра беруіміз керек»-деген болатын.

Бүгінде Еуразия жүрегінде бейбіт ғұмыр кешіп келе жатқан Қазақстан төрткүл дүниеге бітімгер, арағайын, ымырашыл іргелі ел ретінде танылды. Еліміздің рухани бірлігін нығайту жолында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да сүбелі үлес қосып келеді.

Елімізде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Рухани келісім» күні белгіленіп, осы датаға маңыз беріліп жатқан жайттың да өзіндік айрықша орны бар. Келісімсіз келешек кемел болмайтыны бесенеден белгілі, тарихтан да айқын аңғарамыз. Расында да дәстүрлі діндердің мақсаты – қоғамға адамгершілік құндылықтарын насихаттау.

Орыс православие шіркеуінің Қазақстан және Астана митрополиті Александр еліміздегі мұсылман қауымын жыл сайын Құрбан айт мерекесімен құттықтайды. Мен де өз тарапымнан православ сеніміндегі христиандарды Рождество мерекесімен құттықтап, арнайы хат жолдаймын. Өркениетті елдердегі діндераралық татулықтың қалыптасуы – аса маңызды.

Біздің елде дәстүрлі діндер арасындағы өзара келісім жоғары деңгейде көрініс тапқан. Дін қайраткерлерінің басын қосып, барша халықты діни татулық пен тұрақтылыққа үндеген еңселі Елордамыз – Нұр-Сұлтан рухани келісім мен бірліктің символына айналды. Халық жанашырының байыпты бұл ұстанымы басқаларға: «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық», – деген ұлағатты сөздің мәнін ұқтырды.

Сарыарқа төсінде өтетін құрылтай, діндер арасындағы диалогты дамыту – бүкіл әлемдік жауапкершілік екенін дәлелдеді. Хәкім Абайдың: «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», – деген сөзі халқымыздың ойлау жүйесінің кеңдігі мен тереңдігін ғаламдық биікке көтерді. Тәуелсіздік – азаттықтың алтын діңгегі, өркениетке өрлеудің ұлы күші.

Дін мемлекетте, қоғамда тыныштық, әділдік болуын көздейді. Адамды соған тәрбиелейді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да осындай ұлы мұраттарға ұмтылып, жұртты ізгілікке үндеп қана қоймай, бірлік пен берекенің нығметін ұдайы ұлықтап келеді. Өйткені, бүкіл адамзатқа түсірілген қасиетті Құранда Алла тағала: «Бөлінбеңдер», – деп бұйырған. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) өсиетінде басшыға бағынып, бүлік шығармауға шақырған. Діни ымыраға келуді бұйырған.

Текті аталардан ғасырдан ғасырға жалғасып, тәлім мен тәрбиеге тұнып тұрған асыл дініміз Ислам – бейбітшілік пен ынтымақтың діні. «Ислам» деген сөздің өзі «бейбітшілік» деген мағынаны білдіретінін баршамыз жақсы білеміз. Демек, мұсылманшылықтың мұраты – бірлікке үндеу, өзгеге қылдай қиянат жасамау.

Адамзатты имандылыққа ұйытып, ата-ананы қадірлеуге, көрші мен ағайынға көмектесуге шақырған пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде шынайы мұсылманды «өзгеге қолымен де, тілімен де зиян тигізбеген адам» деп сипаттаған сөзі кез келген пендеге қай кезеңде болсын, басты бағдар, өшпес өнеге, үзілмес үлгі болған.

Алла Тағала халқымыздың ырыс-несібесін молайтып, ауызбіршілігін арттырғай. Тәуелсіздігімізді мәңгілік етіп, болашаққа басқан қадамымызды берекелі еткей! Тілегіміз қабыл, мұратымыз асыл болғай! Әумин!

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру